Ұлттық ұланның "Орталық" өңірлік қолбасшылығына қарасты 5510 (Көкшетау), 6505, 5451 (Қарағанды) әскери бөлімдерінің жеке құрамдары инспекторлық тексерісті тапсыруды бастады.
Басты мақсат – өңірлік қолбасшылықтың әскери бөлімдері жеке құрамының қойылған міндеттерді толық көлемде әрі сапалы орындауын анықтау болып табылады. Инспекциялау барысында жауынгерлік жұмылдыру әзірлігінің, жауынгерлік қызметтің жай-күйі, командирлік және жауынгерлік даярлық деңгейі, заңдылық пен құқық тәртібінің, тәрбие жұмысы, қару-жарақтың, жауынгерлік техника мен материалдық құралдардың қамтамасыз етілуі, әскерлердің тұрмыстық орналасуы мен қызметін ұйымдастыруы айқындалатын болады.
Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасары генерал-майор Альберт Маткаримов басқаратын Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығының офицерлер тобы тексерісті 5510 әскери бөлімінен бастады. Бұл бөлім биылғы «Жауынгерлік жанұядай ұйысқан, Ұлттық ұлан – елі мен халқына қорған» ұранымен өтіп жатқан жауынгерлік сайыстың бастамашысы болып табылады. Сондықтан бірінші кезекте әскери бөлімнің жауынгерлік сайыс аясында міндеттемелерді қаншалықты дәрежеде орындап жатқаны пысықталады.
Инспекторлық тексеру кезінде әскери қызметшілер алты негізгі пән бойынша сынақтар тапсырады. Атап айтқанда, мемлекеттік-құқықтық дайындық, саптық даярлық, қызметтік-жауынгерлік қолдану тактикасы, ҚР ҚК жалпыәскери жарғылары, атыс және дене шынықтыру дайындығынан емьтихандар қабылданады. Инспекторлық және қорытынды тексерулердің қорытындылары бойынша әскери қызметшілер өздерінің сыныптық біліктілігін растайды.
Басшылық құжаттарға сәйкес Ұлттық ұланның әскери бөлімдері әрбір үш жыл сайын инспекторлық тексеруден өтеді.