Қазаның 26-сы күні кешкісін Ұлттық ұлан әскери әуе кемесі Ураина астанасы – Киевтен Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тапқан қазақстандық жауынгер Өксікбай Бозарбаевтың мәйітін туған жеріне алып келді.
Киевтен келген арнайы борт ҚР Қорғаныс министрлігі 19232 әскери бөліміне кешкі сағат 19.00-де келіп қонды. Қазақстандық сарбаздың құрметіне орай Құрмет қарауыл ротасы сап түзеп, әскери оркестр еліміздің әнұранын орындады. Қаһарманды қарсы алу салтанатына Қорғаныс министрлігі, Ұлттық ұлан сардарлары, «Атамның аманаты» қоғамдық бірлестігі және әскери бөлім басшылығы мен жеке құрамы қатысты.
Қазақстандық сарбаз Өксікбай Бозарбаев Түркістан облысы Алғабас ауылынан қан майданға аттанған. Сталинград шайқасында ерлік көрсетіп, бірнеше мәрте жарақат алып, бірқатар медальдармен марапатталған. Украина елінің Донецк өңірінде орын алған шайқаста ерлікпен қаза тапқан. Бүгінде Алғабас ауылында Өксікбаевтан тараған немерелері тұрады. Мұрат Жанатайұлының айтуынша, қазақстандық жауынгерді Қорғаныс министрлігінің арнайы бортымен туған ауылына жеткізу жоспарланған. Сарбазды туған ұрпақтары, Түркістан облыстық әкмдігі мен қоғамдық ұйымдар өкілдері қарсы алып, туған жердің топырағына тапсырады.
ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметі