
Ұлттық ұлан «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы байланыс взводының әскери қызметшісі Данияр Берлібеков көршісін дер кезінде құтқарып қалды.
Данияр оқиға болған күні тәуліктік кезекшіліктен кейін үйінде демалып жатқан. Таңертең пәтерінен шыққан ол подъезде қараусыз жүрген көршісінің мысығын байқап, бұл туралы ескертпек болады.
Алайда көршісінің есігі кішкене ашық тұр екен. Есігін тоқылдатып көріп еді, ешкім жауап қатпайды. Тағы бір рет қаттырақ тоқылдатады. «Үйде ешкім жоқ па? Есіктері не себепті ашық қалған?» деп тексермек болдым. Аша бергенде еденде аузынан көбік ағып жатқан көрші әйелді көрдім. Мұндайда ойланып тұруға уақыт болмайды ғой. Дереу жедел жәрдем шақырдым, - дейді Данияр Берлібеков.
Жедел жәрдем келгенше көршісіне алғашқы медициналық көмек көрсетіп, есін жинауға көмектескен. Науқас қалалық ауруханаға жеткізілді.