Ұлдандықтар нашақорларды құрықтады

Ұлдандықтар нашақорларды құрықтады

Ақтауда Ұлттық ұлан жауынгерлері заңсыз есірткі қолданған және сақтаған екі күдіктіні ұстады.

8 тамыз күні сағат 21.30 кезінде әскери жасақ бастығы ефрейтор Сәбит  Мәжитов пен патрульдер қатардағы Артем Иванов және Дінмұхамбет Елубай 2-ші шағынауданға қарасты №54 үй маңынан іс-әрекеті сезік тудырған азаматты байқайды. Әскери киімдегі сарбаздарды көрген ол бірден қашпақ болады. Алайда бұл әрекетінен күдіктенген ұландар қашуға жол бермейді. Мән-жайды анықтау мақсатында қолға түскен күдіктіні полиция бөлімшесіне жеткізеді. Куәгерлердің көзінше тінту барысында шалбарының сол жақ қалтасынан есірткі табылды.

Сол күні түнгі 23.30 шамасында Бейбітхан Досалы бастаған келесі бір әскери жасақ та күдікті ер адамды кездестіреді. Патрульдер қатардағы Қалдыбек Тұрарбек пен Жақсыбек Дәден өздеріне балағат сөздер айтып, кикілжіңге шақырған адамды құрықтайды. Құжатын тексеру әрі сырттай тінту кезінде оның спорттық шалбарының қалтасынан сіріңке қорабы табылды. Кейін сараптама нәтижесі сіріңке ішіндегі өсімдіктің есірткі екенін анықтады. Бұл күдікті де Ақтау қалалық полиция департаментіне жеткізілді.

Қызмет атқару барысында қырағылық пен кәсіби біліктілік танытқан жауынгерлер 6656 әскери бөлімі командирінің бұйрығымен марапатталды.

 «Батыс» ӨңҚ баспасөз қызметі