Жоғалған бала жылдам табылды

Жоғалған бала жылдам табылды

Ақтау қаласындағы 6656 әскери бөлімінің сарбаздары серуен кезінде жоғалған төрт жасар баланы іздеп, аз уақытта анасына тауып берді.

Белгіленген бағытта қызмет атқарып жүрген әскери жасақ бастығы қатардағы Айбек Нұржанов пен патрульдер Рауан Баймұханов және Нұрдәулет Сәкенге әйел адам келіп, 3-ші шағынауданда кішкентай баласын жоғалтып алғанын айтып көмек сұрайды.

Анасының айтуы бойынша, олар серуендеп жүрген. Біраз уақыт телефонға алаңдап, баласының көрінбей қалғанын соңынан байқаған. Өз күштерімен іздегенімен, еш нәтиже шықпапты.

Ұландықтар шұғыл түрде іздеу шараларын ұйымдастырып, арада жарты сағат өткенде балақайда сол ауданнан табады. Балақай ойын алаңында ойнамақ болып, адасып кеткенін айтып жылайды. Ең бастысы – сарбаздардың шапшаңдығының арқасында анасымен аман-сау қауышты. 

Қызметтегі жауапкершілігі мен жеделдігі үшін әскери жасақ құрамындағы жауынгерлер бөлім командирінің бұйрығымен марапатталды. Айта кетелік, аталмыш бөлімнің сарбаздары жыл басынан бері 14 баланы тауып, жақындарына табыстаған.