
Талдықорғанда Ұлттық ұланның жауынгерлері полиция қызметкерлерімен бірлесіп, адасып қалған бес жасар баланы тауып алды.
Қаладағы жағажай аумағында қоғамдық тәртіпті күзету бойынша қызмет атқару барысында үлкен адамдардың қарауынсыз жалғыз жүрген кішкентай бала көзге түседі.
Әскери наряд бастығы қатардағы Асылжан Мұратов патрульде жүрген жауынгерлер және полиция қызметкерімен бірге баланың қасына келіп, жағдайды білмекші болады.
Біз баланың қасына келіп, оның аты-жөнін, бұл жерге қалай келгенін сұрамақшы болдық. Ол бізге ештеңе айта алмады, баланың құлағы естімейді, сөйлей алмайды екен. Өзі қатты қорқып кеткен. Біз баланы жұбатып, жақын жердегі полицияның анықтама бөлімшесіне жеткіздік, көп ұзамай бала әжесінің қолына табыс етілді, - дейді қатардағы Бағдат Нышан
Баланың әжесі немересін тез арада тауып берген 5514 әскери бөлімінің әскери қызметшілеріне алғысын жаудырды.
- Менің немерем жақын маңда ойнап жүрген, бір уақытта одан көз жазып қалдым. Ары-бері жүгіріп іздегенмен, таба алмадым. Не істерімді білмей, дағдарып қалдым, - дейді баланың әжесі.