Ұлттық ұланның елордалық әскери бөлімінің 100-ден аса жауынгері әскери ант қабылдады

Ұлттық ұланның елордалық әскери бөлімінің 100-ден аса жауынгері әскери ант қабылдады

Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы 6636 әскери бөлімінің аумағында жас шақырылым сарбаздарын Әскери ант қабылдау салтанатты рәсімін онлайн режимінде өткізді.

Мерзімді әскери қызметті атқаруға келген және жас сарбаздардың курсынан өткен шақырушылар Отан қорғаушылардың қатарына қосылу үшін салтанатты түрде Әскери ант қабылдады. Еліміздің Алматы, Ақтөбе, Қарағанды және Павлодар облыстарынан келген 100 жас сарбаз Отан алдында абыройлы қызмет етуге серт берді.

Әскери ант Қазақстан халқына, оның заңды сайланған Президентіне қалтқысыз қызмет етуге үндейді. Ант қабылдау – Отаныңа, халқыңа ақтық демің қалғанша адал болу, ел басына сын сағат түссе, мойымай көтеру, қажет болса, жан қию деген сөз.

Әр жылы әр түрлі өңірлерден Ұлттық ұланның қатарына қосылу үшін жас сарбаздар азаматтық парыздарын орындауға келеді. Бұл оларға адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қылмыстық және өзге де құқыққа қарсы қолсұғушылықтардан қорғауда үлкен жауапкершілікті жүктейді.

Елордалық бас санитарлық дәрігерінің Қаулысына және қаланың «қызыл аймаққа» енуіне байланысты Әскери ант салтанаты онлайн-режимінде, сарбаздардың жақындары мен туыстарының қатысуынсыз өтті.

Сарбаздардың ата-анасы, жақындары мен туыстары үшін Ұлттық ұланның  инстаграм парақшаларында тікелей көрсетілім ұйымдастырылды.

ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметі