
21 шілде күні әл-Фараби ауданында патрульдік-посттық қызметті атқару барысында ұландықтар қала тұрғынын ұстап, қалтасынан марихуана затын тәркіледі.
- Біз өзімізге тиесілі бағытпен қызмет атқарып жүрген болатынбыз. Бірде алдымыздан белгісіз азамат шықты. Ол бізді көре сала өзін оғаш ұстай бастады. Сырт көзге қуыстанып, бір нәрсе жасырып тұрғаны көрінді. Оны тоқтатып, сұрақ астына алдық. Кейінде қалтасындағы заттарды көрсетуді сұрағанымызда қашып құтылғысы келді. Алайда, оны алысқа ұзатпай қолға түсірдік, - дейді әскери жасақ бастығы Ықылас Рамазанов.
Нәтижесінде 32 жастағы Шымкент қаласының тұрғынының қалтасына марихуана салынған қағаз орамасын жасыруға тырысқаны анықталды. Дәл сол күні әскери жасаққа тағы бір шұғыл ақпарат келіп түсті. Ерманов көшесі бойында белгісіз азамат қала тұрғынын соққыға шығып, ізін жасырыпты.
Осы бағыт бойынша іздеу жарияланып, оның барысында құрамында қатардағы жауынгер Аңсат Тәшкенбай, патрульшілер қатардағы Ержан Нұрғазин мен Дамир Мұратов бар әскери жасақ сағат 19.25-те сипаттамаға сәйкес келетін азаматты қолға түсіреді. Күдікті әл-Фараби аудандық полиция пунктіне тапсырылды.
Сол күні Нұрсәт шағын ауданында сағат 22.30 шамасында әйел азаматша көмек сұрап әскерилерге жүгінді. Ол есік сыртынан құлыптанғаннан кейін өз пәтеріне кіре алмай жүргенін және үйде кішкентай бала барын айтты.
- Пәтерге кіре алмаған әйел бізге жүгінді. Оның кішкентай баласы үйде қалыпты. Бізге қалай болғанда да есікті ашуға тура келді, өйткені бұл біздің міндетіміз, - дейді патрульдік топ бастығы Ердәулет Тағайбек қарапайымдылық таныта. Азаматша әскерилердің жасаған көмегі үшін 6506 әскери бөлімінің командиріне алғыс хат жолдады.
Сол күні сағат 19.00 шамасында әл-Фараби ықшам ауданында әскери жасақтар бойынша кезекшіге бір азамат келіп, жолықты. Ол жеке құжаттарын (жеке куәлік, банк карталары, тіркеу куәлігі) жолғалтып алыпты. Осыған орай барлық әскери жасақтарға іздеу жарияланады. 25 минуттан кейін патрульдік топтың бастығы қатардағы жауынгер Олжас Байболов ауладағы орындықта жатқан әмиянды байқады.
Азамат орындыққа отырып, абайсыздан құжаттарын тастап кеткен болып шықты. Ұландықтардың қырағылығының арқасында жоғалған заттар иесіне қайтарылды.
Ұлттық ұлан «Оңтүстік» ӨңҚ баспасөз қызметі