Ұлттық ұлан Әскери институтының түлектері лейтенанттық погондарын Президент қолынан алды

Ұлттық ұлан Әскери институтының түлектері лейтенанттық погондарын Президент қолынан алды

Бүгін «Атамекен» мемориалды кешенінің қасында орналасқан алаңда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің әскери оқу орындарының үздік түлектеріне офицерлік погондарды табыс етті.

Жоғары әскери оқу орны түлектеріне айтқан сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекеттік Ту мен еліміздің бас қаласы қазақстандық ұлт бірлігінің айқын белгісі екенін атап өтті.

– Оқуларыңыздың сәтті аяқталғаны құтты болсын, жас офицерлер! Офицерлік шен – бұл, ең бірінші, Отан алдындағы зор жауапкершілік. Болашақта командир атанып, жас сарбаздарға тәлім бересіздер. Сондықтан отаншыл, батыл және айбынды болып, үлгі көрсету аса маңызды. Мүлтіксіз қызмет ету – бәріңізге ортақ міндет. Антқа адал болу, Тәуелсіз елімізді қорғау – қастерлі парыз, - деді Президент.

Салтанатты шара барысында Қазақстан Республикасының Президенті — Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас Қолбасшысының қолынан 12 жоғары әскери оқу орнының түлектері, оқу озаттары офицерлік погондарды алды. Олардың арасында Ұлттық ұлан Әскери институтының түлектері, лейтенанттар Арман Кенішбек пен Нұрсұлтан Сүттібай бар.

Жас лейтенанттар әрі қарай «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығында қызмет атқаратын болады. 

Айтып өту керек, биыл Ұлттық ұлан Әскери институтын 205 түлек аяқтады, олардың алтауы озық дипломға ие болды.

ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметі