Ұлттық ұлан Әскери институтының ағашқы түлектері 20 жылдан кейін туған оқу орнында кездесті. Салтанатты шара Петропавл қаласында өтті.
Еліміздің әр түкпірінен жиналған 50-ге жуық офицер туған оқу орны қабырғасында қайта қауышты. Іс -шараға еліміздің Ішкі істер министрлігі Ішкі әскерлерінің қолбасшысы (2002-2003) болған генерал-лейтенант Болат Жанасаев, Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тыл жөніндегі орынбасары генерал-майор Жандос Омарқұлов, әскери оқу орнының бірінші бастығы генерал-майор Амангелді Дүйкенев, сондай-ақ әскери оқу орнына әр жылдары басшылық жасаған – Әскери институттың Ардагерлер кеңесінің төрағасы полковник Сәбит Ахметов, полковник Мұрат Қарағойшиев, оқу орны ардагері полковник Геннадий Зайцев және басқа да меймандар қатысты.
Іс-шара Түлектер аллеясына шырша отырғызу рәсімінен басталды, ал салтанатты бөлім Әскери институттың клубында өтті.
Кеш барысында түлектер Әскери институттың білімі мен дамуының бастауында тұрған Ішкі әскерлер қолбасшылары: генералдар Ананий Паридуха, Владимир Гордеев, Алексей Филистович, Болат Жанасаев және Қайырбек Сүлейменовке алғыстарын жеткізді.
- Бір кездері сіздер Жоғары әскери училищесінің курсанты бола отырып, ересек өмірдің табалдырығында тұрдыңыздар. Бүгінде сіздер офицерсіздер, көпшілігіңіз түрлі күш құрылымдарында басшылық қызметтерді атқарасыздар. Бұл біз үшін мақтаныш. Осы айтулы күні мен барлық түлектерге зор денсаулық, отбасылық амандық және әскери оқу орны түлегі атағын мақтанышпен алып жүруді тілеймін, – деді генерал-лейтенант Болат Жанасаев өз сөзінде.
2001 жылы маусымда 176 жас лейтенант Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Ішкі әскерлерінің Жоғары әскери училищесі қабырғасынан офицерлік өмірге жолдама алған болатын. Өкінішке орай, олардың арасында мезгілсіз қайтыс болғандар бар. Жиналған қауым оларды бір минуттық үнсіздікпен еске алды.
Іс-шара әскери оқу орны бойынша саяхатпен аяқталды. Таныс дәліздермен жүріп, түлектер өздерінің сүйікті ұстаздары, достарын және оларды 20 жыл бұрын біріктірген оқиғаларды еске алды.
ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметі