
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы және Қазақстан полициясы күніне орай, Қ. Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында Ұлттық ұлан Ән-би ансамблінің «Жеңіс жалауы» спектаклінің тұсаукесері өтті. Аталған туынды Ұлы Отан соғысының қаһарман батыры, Рейхстагқа Жеңіс алғаш туын тіккен Рақымжан Қошқарбаевтың ерлігіне негізделген.
Спектакль тұсаукесеріне Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Ішкі істер министрінің басшылық құрамы, Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Руслан Жақсылықов, Парламент депутаттары мен ардагер генералдар, өнер және мәдениет қайраткерлері, әскерилер, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Өз сөзінде Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова өнер ұжымын әскери театрдың ашылуы және қойылымның тұсаукесерімен құттықтады.
Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Руслан Жақсылықов айтқандай, қойылымды қоюдағы мақсат – ел халқы мен өскелең ұрпаққа Рақымжан бастаған қазақ жастарының Ұлы жеңісті жақындатуға қосқан үлесін, олардың майдан даласындағы ерлігін әспеттеу болып табылатынын жеткізді.
Спектакль Ұлттық ұлан Ән-би ансамблінің театрландырылған тұңғыш қойылымы болып отыр.
Әскери драма жанрындағы қойылымның авторы Қанат Жүнісов, қоюшы режиссері Дәурен Серғазин, қоюшы суретшісі Ерлан Тұяқов, Ән-би ансамблінің көркемдік жетекшісі майор Дархан Рахымғалиев.