Елордада Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университеті түлектерінің салтанатты шығарылымы болып өтті.
140-тан астам магистрант еліміздің, сондай-ақ Ұжымдық Қауіпсіздік Шарт ұйымы мемлекеттерінің Қарулы Күштері, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының қатарын толықтырды. Олардың ішінде Ұлттық ұланның 21 офицері бар.
Салтанатты шараға еліміздің күш құрылымдары, Ұлттық қорғаныс университетінің басшылығы және профессорлық-оқытушылар құрамы қатысты. Құқықтық тәртіп әскерінің түлектеріне дипломдарды Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары генерал-майор Әлібек Серәлиев және Ұлттық ұлан факультетінің басшысы генерал-майор Жұмабек Ахметов тапсырды.
Офицерлер «Ұлттық ұландағы менеджмент» білім беру бағдарламасы бойынша төрт біліктілік: «ҰҰ оперативтік-тактикалық басқару», «Азаматтық қорғаныста оперативтік-тактикалық басқару», «ҰҰ тәрбие және идеологиялық жұмысын ұйымдастыру», «ҰҰ тылдық қаматамасыз етуді басқару» бойынша білім алды.
Айтып өту керек, ұландық офицер подполковник Рауан Усбанов магистрлік дәрежені қорғау кезінде Ұлттық қорғаныс университетінің түлектері ішінде ең жоғары ұпай жинады.
Түлектер алдағы уақытта алған білімдерін тәжірибе жүзінде құқықтық тәртіп әскерінің өңірлік қолбасшылықтары мен әскери бөлімдерінде қолданатын болады.
ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметі