
Кеше сағат кешкі 19.30 шамасында Елордадағы ботаникалық бақта қоғамдық тәртіпті қадағалап жүрген Ұлттық ұлан әскери жасағына әйел адам келіп, 11 жасар қызына шұғыл көмек керектігін айтып өтініш білдіреді.
Кейін белгілі болғандай, 11 жастағы Толғанай саябақта велосипед теуіп жүріп, қатты жылдамдықпен бұрыламын деп жолдан шығып кетеді. Басқаруды игере алмай қалған ол едәуір ауыр жарақаттанады. Дәлірек айтсақ, сол қолы сынып, оң қолы соққы алады, сонымен қатар сол қол саусақтарының терісі тілініп кеткен екен.
Әскери жасақ бастығы қатардағы Алмас Ахметқалиев және оның қарамағындағы патрульдер Азамат Әшім мен кіші сержант Дияс Қожабек оқиғаны бірден әскери жасақтар кезекшісіне баяндап, жедел жәрдем шақырады. Сондай-ақ, зардап шеккен қыз балаға алғашқы медициналық көмек көрсетеді. Жедел жәрдем келгенде, көлікке дейін ежткізіп, орналастырады. Толғанай дереу арнайы медициналық мекемеге жеткізілді.
Анасы дер кезінде көмекке келген және кәсіби шұғыл әрекет танытқан Ұлттық ұлан әскери қызметшілеріне алғыс білдірді.
ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметі