
Оқиға бүгін, яғни 10 маусым сағат 13.40 шамасында Мәңгілік Ел көшесінде орналасқан көпқабатты үйлердің бірінде орын алған.
5573 әскери бөлімінің әскери қызметшісі ефрейтор Аслан Қожахметов сырқаттануына байланысты қызметтен уақытша босатылып, үйінде ем қабылдап жатқан болатын. Өзі тұратын көпқабатты үйдің сатысынан түсіп келе жатып, түтін иісін сезеді. Иіс шыққан жаққа қарай бағыт алғанда, көмекке шақырған қарт әйелдің даусын естиді. Жауынгер уақыт жоғалтпай түтіндеген пәтерге бірден жүгіріп барады. Пәтердің асүйінде шамасы келгенше өртті сөндіруге тырысып жатқан бозбаланы көреді. Жағдайды бағамдаған Аслан баланы көтеріп ап, жылдам қауіпсіз жерге шығарады. Жол-жөнекей өрт сөндіру қызметіне хабарласып, осы подъездің өзге де тұрғындарын тездетіп сыртқа шығарады.
Тілсіз жау Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлерінің көмегімен ауыздықталды. Зардап шеккендер мен адам шығыны жоқ.
Оқыс жағдайда кәсіби біліктілік пен жедел көмек көрсеткен ефрейтор Қожахметов жоғары қолбасшылық марапатына ұсынылды.
ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметі