Елордалық ұландықтар жоғалған балаларды жедел жақындарымен қауыштырды  

Елордалық ұландықтар жоғалған балаларды жедел жақындарымен қауыштырды  

Демалыс күндері Ұлттық ұланның әскери жасағына «Ботаникалық бақ» саябағында бір азаматша 10 жасар баласының жоғалғанын айтып, көмек сұрайды.  

Бұл туралы әскери жасақ бастығы қатардағы Асқар Льдетаев және патрульшілер қатардағы жауынгерлер Өмірбек Көшкінбеков пен Станислав Окопович әскери жасақтар бойынша кезекшіге баяндап, дереу баланы іздеуге кіріседі.

Нәтиже өзін көп күткен жоқ. Араға бес минут салып, балақай табылады. Сөйтсе ол скейтбордпен сырғанап жүргенде анасынан алыстап кеткен екен. Баласын 20 минут бойы іздеп, салы суға кеткен анасы әскери жасақтан көмек сұраған. Ұландықтар тез арада баланы тауып, анасына қайтарады.  

Жарты сағат өткенде басқа әскери жасақ Есіл ауданында қараусыз қалған тағы бір баланы тауып алады. Оқиға былайша өрбіген. Әскери топ бастығы лейтенант Айдос Хайрбай бастаған құрамында патрульшілер қатардағы Қазыбек Мықтыбай мен Нұржігіт Тілеуов бар ұландық жасақ әдеттегідей қоғамдық тәртіпті сақтау бойынша қызмет атқарып жүреді.

Бұл елордалық Орталық саябақ іші болатын. Осы мезетте саябақ әкімшлігі дауыс күшейткіш құрылғы арқылы үш жасар баланың жоғалғаны туралы хабар таратады. Белгілі болғанадй, кішкентай балақай ата-анасымен Орталық саябақта демалып жүрген. Туысқандары ұлдарының жоғалғанын бірден байқамапты, кейінде әбден іздеп шаршаған соң саябақ әкімшлігіне іздеуге көмек көрсетулерін сұрап, өтініштерін білдіреді.

Әскери жасақтың сауатты әрекеттерінің арқасында бала 10 минуттың ішінде жақындарына қайтарылды. Ол адасқаннан кейін көпір арқылы өзеннің арғы бетіне өтіп үлгерген екен. Баланың ата-анасы өз кезегінде жас сарбаздарға көмектері үшін өз алғыстарын білдірді.

Осы күні елордалық ұландықтар қала тұрғындарына жоғалған заттарын табуға көмектесіп, енді бір сауапты іс жасайды. Қызметте жүрген әскери жасақ iPhone 7 телефоны мен әмиянды тауып алып, оны иелеріне қайтарады.  

ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметі