«Біз – бақытты отбасымыз»

«Біз – бақытты отбасымыз»

Ата-ана мен балалары бірлікті ту еткен өнегелі әскери қызметшілердің отбасылары Ұлттық ұланның беделін арттырары анық. Сол себепті, әскердің жауынгерлік қызмет бас басқармасының бастығы полковник Юрий Малицкийдің отбасы «Біз – бақытты отбасымыз» қалалық бейнероликтер байқауының жеңімпазы атанғанына қуаныштымыз.

«Астана дарыны» қабілетті дамыту және психологиялық сүйемелдеу орталығы Халықаралық отбасы күніне орай «Біз – бақытты отбасымыз» бейнероликтер байқауының жеңімпаздарын марапаттады. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу аясында өткен бұл байқауға оқушылар мен олардың ата-аналары қатысты.

Елордалық жарысқа 90 отбасы, оның ішінде 16-сы балабақшалардан, 71-і мектептерден және 13-і колледждерден қатысқан. Іс-шара өскелең ұрпақты тәрбиелеу факторы ретінде әлеуметтік ортаның педагогикалық және психологиялық аспектілерін күшейту, сондай-ақ отбасылық құндылықтарды насихаттау мақсатында өткізілді.

Полковник Юрий Малицкийдің қызы №53 мектеп-лицейдің оқушысы ретінде, өз білім ордасының намысын қорғады. Отбасылық байқау туралы естіген Виктория бірден ата-анасына осы шараға қатысу туралы ұсыныс айтады. Байқау шарттары бойынша жеті минуттан аспайтын бейнеролик дайындайды. Роликте отбасы кеңірек таныстырылып, жанұясына қатысты маңызды фактілер көрсетілді. Сонымен қатар, отбасын бақытты ететін құндылықтар мен іс-әрекеттердің айтылуы, спорт, өнер, музыка бағытындағы қабілеттері, отбасы мүшелерінің жақсы қасиеттері бағаланды.

Байқауға ұсынылған 106 бейнероликтің тұсаукесері «Ата-аналар клубы» қоғамдық диалог алаңының мерекелік отырысында өтті. Қоғамдық дауыс беру қорытындысы бойынша Малицкийлер отбасы ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталды. Ұлттық ұланның жүлдегерлері мен әскери қызметшілерінің барлық отбасыларына осындай байқауларға жиі қатысуға және дені сау, тату да бақытты болуға тілектеспіз.

ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметі