
Ұлттық ұлан Ән-би ансамблінің солистері Батырхан Шүкеновтің әйгілі әндерінің бірін өте ерекше ырғақта орындады. Музыкалық композицияны шығармашылық ұжым атақты сазгердің туған күніңе арнады. Бүгін халықтың сүйіспеншілігіне бөленген нағыз талант иесі 59 жасқа толар еді.
- Батырхан Шүкенов қысқа, алайда шығармашылыққа толы ғұмыр кешті. Оның әндері мен шығармалары тек бүгінгі, не болмаса болашақ ұрпаққа ғана емес, біздер, яғни, музыкант қауым өкілдері үшін де үлкен мұра. Шүкеновтің өмірінде әскери қызметтің ізін байқауға болады. Мерзімді әскери қызметті атқарып жүріп, әскери оркестр қатарында өнер көрсеткенін мақтан тұтамыз. Әскери форма киетін адам үшін – бұл үлкен абырой. Оның шығармаларын орындағанда біз кең көлемді қуанышқа бөленеміз. Ансамбль солистерінің әрқайсысы дерлік Батырдың әндерін тыңдап өсті. Маэстроның туған күніне орай біз бәріне ұнайтын «Джулия» әніне аранжировка жасауды ұйғардық, - дейді Ұлттық ұлан Ән-би ансамблінің көркемдік жетекшісі майор Дархан Рахымғалиев.
Айтып өту керек, бұл Батырхан Шүкеновтің әндеріне жасалған алғашқы кавер емес. Осыған дейін музыканттар «Қайран қөңіл-ай» әніне аранжировка жасаған. Ал бір жыл бұрын Ән-би ансамблі солистерімен музыканттың туған күніне орай онлайн концерт ұйымдастырылған болатын. Концерт репертуары бәріне ыстық ықыласпен тыңдалатын «Нелюбимая», «Снег в пустыне», «Дождь», «Солдат любви», «Япурай» және басқа әндерден құралды.
Бүгін аты аңызға айналған, өзінің әндерімен миллиондаған адамдардың жүрегіне жол салған адамның арамыздан кеткеніне 6 жыл толып отыр.
Ұлттық ұлан баспасөз қызметі