Шежіреге толы мұражай

Шежіреге толы мұражай

18 мамыр – халықаралық музей күні. 2009 жылдан бері астанада Ұлттық ұланның өз мұражайы жұмыс істеп келеді. Музей тарихы 1981 жылдың 21-ақпанынан бастау алады. Сол жылы Алматы қаласынан КСРО ІІМ Ішкі әскерлері Орталық музейінің Қазақ және Қырғыз ССР бойынша филиалы ашылған болатын. 1993 жылы ол Қазақстан Ішкі әскерлерінің Әскери-тарихи музейі болып өзгерді.

Ұлттық ұлан музейі төрт экскурсиялық залдан тұрады. «Кеңес одағының Ішкі әскерлері және Қазақстан Республикасының Ішкі әскерлері» деп аталатын бірінші зал – 1918-2014 жылдар аралығын қамтиды.

Ал екінші зал Ұлттық ұланның бүгінгі заманауи тарихымен таныстырады. Естеріңізге сала кетейік, 2014 жылы Ішкі әскерлер – Ұлттық ұлан боп қайта құрылған болатын.

Үшінші секторда – Қазақстан Республикасы Ішкі әскерлері мен Ұлттық ұланының, яғни құқықтық тәртіп әскерінің әр кезеңдердегі басшылық құрамының фотопортреттері, сондай-ақ шетелдік делегациялардың сый-сияпаттары, Біріккен мемлекеттік саяси басқармасың, Жалпыресейлік төтенше комиссиясының, Кеңес одағының және тәуелсіз Қазақстанның Ішкі әскерлерінің Жауынгерлік тулары топтастырылған.

Төртінші зал әскер батырлары мен ардагерлерінің, шетелдік және кеңестік өндіріспен шығарылған қару-жарақ стендтерімен безендірілген.  Бұл залға ерлігімен танылған әскери қызметшілердің жеке заттары да ерекше сән беріп тұр.  

Музей ұжымы әскери-патриоттық және тәрбие бағытында қыруар жұмыс атқарып келеді. 12 жыл ішінде музейді он бес мыңнан астам адам тамашалаған. Бұл санатта астана гарнизонындағы әскери қызметшілер, түрлі жиындардың қатысушылары, шетелдік делегаттар, «Жас Бүркіт» патриоттық сыныптарының тәрбиеленушілері, ардагерлер, әскери қызметшілердің отбасы мүшелері мен Әскери ант қабылдау шараларына келген сарбаздардың ата-ана, жақындары да бар.

Музей жұмысына запастағы полковник Иван Графкин жетекшілік етуде.