Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының Бас қолбасшысы нәзік жанды әскери қызметшілерді көктемнің шуақты мерекесі – 8 наурыз Халықаралық әйелдер күнімен құттықтады.
Өз сөзінде генерал-лейтенант Руслан Жақсылықов ұландық арулардың әскери қызметтің ауыртпалықтары мен шектеулеріне қарамастан, ерлермен бір сапта аса жауапты міндеттерді орындап келе жатқанын айтып, оларға өз алғысын білдірді.
Бүгінгі күні Ұлттық ұланда 1900-ға тарта әскери арулар сапта тұр. Нәзік жандылар көбіне қаржы, тыл, әскери медицина, кадр, саптық, мемлекеттік тіл бөлімшелерінде қызмет етеді. Психолог және әскери журналист мамандары да аз емес.
Мереке күні қызметте жоғары жетістіктерге қол жеткізген әйел әскери қызметшілер мен ардагерлер Ішкі істер министрі және Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының бұйрықтарымен кеуде белгілері, грамота және алғыс хаттармен марапатталды.
ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметі