Қызметтік ит көмегімен ұры құрықталды

Қызметтік ит көмегімен ұры құрықталды

19-20 ақпан күндері Қарағанды қаласында орналасқан 5451 әскери бөлімінің жауынгерлері қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету кезінде қос ұрыны қолға түсірді.

Патрульдік топ бастығы қатардағы Құрманбай Садырбай қарамағындағы патрульдер ефрейтор Ералхан Төребеков және қатардағы Қанат Бейісовпен бірге тұрғын үй аулаларының бірінен ер адамның сезікті әрекетін байқайды. Ол әскери жасақты көрген бойда қолындағы сөмкесін лақтыра сап, бой тасаламақ болады.

Ұландықтар тоқтауын талап еткенмен, күдікті ескертуге құлақ аспай, одан сайын қаша түседі. Осы сәтте жасақ бастығының пәрменімен кинолог маман қызметтік итті қашқынның соңына салады. «Ворон» атты төртаяқты сақшы әлгі азаматты қуып жетіп, аяғынан жұлқып құлатады. Қолға түскен азамат қалалық Оңтүстік-Шығыс полиция бөліміне жеткізілді. Тергеу кезінде ол әлгінде лақтырған сөмкені ұрлағанын мойындап, түсінік берді.

Келесі күні әскери бөлімнің ұландары көптен бері іздеуде жүрген тағы бір ұрыны қолға түсірді. Сырт келбеті күдіктіге ұқсас азаматты әуелі тоқтатуға тырысқан болатын. Алайда әскери жасақты көрген ол тұра қашады. Ұландық кинолог «Барон» атты қызметтік итіне қашқынды ұстауға пәрмен береді. Ұсталған азамат мән-жайды анықтау мақсатында полиция бөліміне жеткізіледі. Мұнда оның не себепті қашуға тырысқаны түсінікті болды. Бұған дейін азық-түлік дүкендерінің бірінен ішінде 50 мың теңгеге жуық ақшасы бар қорапты ұрлап кеткені анықталды. Қандай болмасын, қылмыстың ертелі-кеш айғақталары сөзсіз. «Ұрының арты қуыс» деген осы болса керек.