
Оралда Ұлттық ұлан жауынгерлері тонау жасағаны үшін іздеуде жүрген жергілікті тұрғынды ізін суытпай ұстады.
Қарақшыны іздеу туралы ақпарат БҚО ПД жедел басқару орталығы кезекшісінің пультінен келіп түсті. Тонаушының анықтамасын алып, тәртіп сақшылары жақын маңдағы көшелерді тексеруге кірісті.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында құрамында патруль бастығы сержант Армат Наурызғалиев, патрульдік қатардағы жауынгерлер Нұргелді Қайнар мен Бекболат Хайдаров бар 5517 әскери бөлімінің әскери жасағы патрульдеу бағыты бойынша Абай даңғылы бойымен "Sport-Line" дүкенінің маңында бағдарда көрсетілген белгілерге ұқсас еуропалық келбетті ер адамды байқады.
Тәртіп сақшыларын көрген ер адам жасырынуға тырысты, алайда әскери жасақтың батыл және шебер әрекеттерінің арқасында ол ұсталды.
Күдіктінің жеке басын тексеру кезінде оның қылмыс жасағаны үшін іздеуде екені анықталды. Одан әрі тергеу үшін әскерилер құқық бұзушыны полиция бөліміне тапсырды.
Қызметті өткеру кезіндегі көрсеткен қырағылықтары мен жоғары кәсіби шеберліктері үшін әскери жасақ 5517 әскери бөлімі командирінің атынан марапатталды.