Әскерде жыл қорытындысы өткізілді  

Әскерде жыл қорытындысы өткізілді  

Нұр-Сұлтанда Ұлттық ұланның басшылық құрамының қатысуымен Әскери кеңес отырысы өтті. Жиында 2020 жылғы қызметтік-жауынгерлік-әрекеттің қорытындысы шығарылып, алдағы кезеңге тапсырмалар анықталды.

Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Руслан Жақсылықов төрағалық еткен кеңес жұмысына өңірлік қолбасшылық қолбасшылары, Әскери институт бастығы, тікелей бағыныстағы әскери бөлімдер командирлері және олардың тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасарлары қатысты.

Жиынды ашқан Әскер Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Руслан Жақсылықов өткен жылдың басты проблемасы ретінде коронавирустық инфекцияның әлем бойынша таралуы және онымен күрес болғандығын атап өтті. Барлық мемлекеттік органдармен бірге Ұлттық ұланның жеке құрамы алғашқы күндерден бастап карантиндік және төтенше жағдайлар бойынша шараларға белсенді қатысты. Қызмет атқару барысында пайда болған қиындықтарға қарамастан, былтыр Ұлттық ұланмен заңнамада жүктелген барлық міндеттер толықтай орындалды.

Әскери кеңестің отырысында Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының әр бағыты бойынша орынбасарлары баяндамалар жасап, онда басты назар «Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы туралы» Заңында айқындалған қызметтік-жауынгерлік міндеттерді орындауға аударылды. Сондай-ақ, өңірлік қолбасшылық қолбасшылары мен бірқатар лауазымды тұлғалардың есептері тыңдалды.

Кездесуді қорытындылай отырып, Руслан Жақсылықов Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы алдында маңызды міндеттер тұрғанын баса айтты. Атап айтқанда, ол қатысушылардың назарын аумақтық органдармен өзара тығыз әрекеттесуге және эпидемиологиялық ахуалды бақылауды жалғастыруға, коронавирустық инфекцияның таралуын болдырмау жөніндегі шараларды жүзеге асыруға аударды. Сондай-ақ, алдағы уақытта әскери қызметшілерді коронавирустық инфекцияға қарсы егу механизмін қарастыруды тілге тиек етті.

Жиында сонымен бірге Ұлттық ұланның 2021 жылға арналған тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстардың негізгі шараларының жылдық жоспарын сапалы орындау бойынша нақты міндеттер қойылды. Әскери ұжымдарда күзгі шақырылым жас сарбаздарын қызметтік ортаға бейімдеу және олардың жауынгерлік қызметке кірісуін тиімді ұйымдастыру бойынша жұмыстарды қатаң бақылауға алу тапсырылды.

Сондай-ақ, Петропавлдағы Әскери институттың ғимараттарына құрылыс пен күрделі жөндеуді тиімді жүргізіп, әскердің Әуе базасына арналған нысандарды пайдалануға беру бойынша жұмыстарды жалғастыру қажеттілігі айтылды.     

Жиын барысында Көкшетаудағы 5510 әскери бөлімін Ұлттық ұланның 2021 жылғы жауынгерлік жарысының бастамашысы ретінде бекіту туралы шешім қабылданды. Осыған байланысты өңірлік қолбасшылық қолбасшыларына және әскери бөлімдердің командирлеріне жеке құрамның жалпы жиналыстарында «Жауынгерлік жанұядай ұйысқан, Ұлттық ұлан – елі мен халқына қорған!» ұранының аясында ұжымдық және жеке міндеттемелер қабылдау тапсырылды. Әскери кеңестің қорытындысы бойынша тиісті қаулы қабылданды.

Ел басшылығы әскери қызметкерлердің заңдылық пен тәртіпті қамтамасыз етуге және қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға, сонымен қатар эпидемиологиялық және карантиндік шараларға қосқан үлесін жоғары бағалағанын атап өткен жөн. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен 2020 жылы 78 ұландық «Даңқ», «Айбын», «Құмет» ордендерімен, «Жауынгерлік ерлігі үшін», «Халық алғысы» медальдарымен және Қазақстан Республикасы Президентінің Құрмет грамоталарымен марапатталды.

Эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, Әскери кеңес отырысы санитарлық-карантиндік нормаларды қатаң сақтай отырып өткізілді.

ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметі