Бас қала жауынгерлері Әскери ант қабылдады

Бас қала жауынгерлері Әскери ант қабылдады

Ұлттық ұланның 6636 әскери бөлімінде жас шақырылым жауынгерлері салтанатты түрде Әскери ант қабылдады. Елордада орын тепкен әскери бөлімінің қатарын биыл 118 жас сарбаз толықтырды. Айтып өту керек, шара санитарлық талаптарды қатаң сақтаумен өткізілді. Ата-аналар үшін әлеуметтік желі арқылы арнайы онлайн көрсетілім ұйымдастырылды.

Алдымен еліміздің Әнұраны шырқалып, 6636 әскери бөлімінің командирі подполковник Дмитрий Бастердің бұйрығымен ортаға әскери бөлімннің жауынгерлік Туы шығарылды. Бұдан соң әскери бөлім командирі жауынгерлерге Әскери анттың маңыздылығы туралы айтып, ақжолтай тіледі.

Әскери ант қабылдаған жауынгерлердің бірі Алматы облысы Талғар ауданынан шақырылған қатардағы Рүстем Рахымжан:

- Мен тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойы жылы әскерге келіп, бүгін Отан алдындағы борышымды адал атқаруға Әскери ант бергеніме қуаныштымын. Бас қала бүкіл еліміздің – орындалған арманы. Осы қалада қызмет атқару менің де арманым болатын. Осы күні ол арман орындалды. Отаныма адал қызмет етіп, тәуелсіздіктің батыл қорғаушысы болатыныма сенімім мол, - дейді жас сарбаз.

 Талай ғасыр халқының еркіндігін сыртқы жаулардан қорғаған Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай сынды батыр бабаларымыздың, кешегі фашизмнің отын өшірген майдангер аталарымыздың аманаттаған Отанымыздың тәуелсіздігін қырағы күзету - ең ұлық қызмет.

Айтып өту керек, салтанатты шараны жауынгерлердің жақындары әлеуметтік желі арқылы тамашалап, ізгі тілектерін білдіре алды. Енді әскери ант қабылдаған сарбаздар Отанымыздың қорғаушысы атанып, сарбаздар сапын толықтыра түсті.

ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметі