Сүйінші жаңалық! Еліміздің ұлық мерекесі – Тәуелсіздік күні қарсаңында Ұлттық ұланның қызметтік-жауынгерлік әрекетін баяндайтын «Біз болмасақ, онда кім?» әніне арналған бейнеклиптің тұсауы кесілді. Ендігі кезекте еліміздің үлкен экрандарына жол тартқалы тұр. Аталмыш клиптің мақсаты - әскери қызметті насихаттау, жеке құрам және азаматтық жастар арасында әскери -патриоттық жұмыстарды ұйымдастыру, қоғамда Ұлттық ұланның имиджін көтеру болып табылады.
– Бұл бейнеклипті түсіру идеясының иесі Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Руслан Жақсылықов. Әскер тәлімгерлері мен Ұлттық ұлан Ән-би ансамблінің алдына үлкен тапсырма қойылды. Ол – еліміздің жастарына түсінікті, аға буынға ұғынықты, қалың тыңдарман қабылдай алатын жаңа өлеңді жазып шығу. Біздің өнерпаздар осы тапсырма аясында әннің мәтінін жазды, музыканттарымыз қажетті әуенді таңдады. Нәтижесінде сөзі салмақты, ырғағы жеңіл, речетатив стилінде «Біз болмасақ, онда кім?» әні өмірге келді. Бұл біздің ортақ жетістігіміз және болашақта тыңдармандардың жүрегінен орын алады деп ойлаймын, - дейді Ән-би ансамблінің басшысы майор Дархан Рахымғалиев.
Бейнеклип елміздің екі өңірі - Алматы облысы мен елордамызда түсірілді. Түсірілімге Ұлттық ұланның әскери бөлімдері мен техникасы, жеке құрамы тартылды. Әнді Ән-би ансамблінің өнерпаздары орындады. Бейнеклипті отандық «АЮ синема» кинокомпаниясы түсірді.
Бүгінгі таңда ансамбль музыканттары мен солистерінің орындауындағы әскери – патриоттық әндер еліміздегі барлық маңызды шаралардың келбеті бола білді. Әскери тақырыпқа байланысты бірде-бір концерт ұландық өнерпаздардың қатысуынсыз өтпейді. Ұлттық ұлан Ән-би ансамблі мемлекетіміздің орталық залдарында Гала-концерт беретін бірегей әскери-музыкалық ұжым.