Ұлттық ұлан әскери қызметшілері мемлекеттік марапаттарға ие болды

Ұлттық ұлан әскери қызметшілері мемлекеттік марапаттарға ие болды

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен қызметтік және әскери міндеттерді үлгілі орындағаны, заңдылық пен қоғамдық тәртіпті қамтамсыз етудегі батылдығы мен жанқиярлығы үшін Ұлттық ұланның бірқатар әскери қызметшілері орден және медальдармен марапатталды. Тәуелсіздік күніне орай ұландықтарға мемлекеттік марапаттарды Ішкі істер министрі полиция генерал-лейтенанты Ерлан Тұрғымбаев табыс етті.

Өз сөзінде ол елімізде карантиндік шаралар мен төтенше жағдай режімін қамтамасыз ету кезіндегі ұландықтардың ерен еңбектері, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті сақтау бойынша тапсырмаларды орындауға қосқан үлестерін алға тартты.

Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан тәуелсіздігі күніне орай ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен (қайтыс болғаннан кейін) Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасары болған генерал-майор Мұхаметқали Сатов, «Орталық» өңірлік қолбасшылығы 5510 әскери бөлімі медицина қызметінің бастығы болған медицина қызметінің майоры Маратхан Ардан марапатталды.

«Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен Ұлттық ұлан Әскери институты оқу взводының командирі капитан Мағжан Халықов марапатталды. Ол демалыста жүрген кезінде өртенген үйден бес газ баллонын алып шығып, өрт командасы келгенше адамдар өмірін оттан арашалаған болатын.

Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен Ұлттық ұлан әскери-дәрігерлік комиссиясының медициналық қамтамасыз ету бойынша маманы ефрейтор Айнұр Усанова марапатталды. Ол төтенше жағдай кезінде 540-тан аса инъекциялық процедураларын жасап, үйде емделуге мәжбүр болған әскери қызметшілер мен отбасы мүшелерін емдеуге атсалысқан болатын.