
Шымкентте ұландықтар Еңбекші аудандық полиция басқармасының қызметкерлерімен бірлесіп адам өлтіру ісіне қатысы бар 40 жастағы ер адамды қолға түсірді.
Ұсталған азаматқа 56 жастағы қала тұрғынын өлтірді деген айып тағылған. Зейнеткердің денесі «Көксай 2» шағынауданындағы үйдің бірінен табылған. Мәйіттің кеуде жақ тұсындағы жарақат орны оның пышақпен өлтірілгенін айғақтайды.
6506 әскери бөлімінің патрульдік топ бастығы кіші сержант Мақсат Жанәділ болжам-хабарлама алып, полиция қызметкерлерімен бірге күдіктіні шұғыл іздестіру жұмыстарына кіріседі.
Қылмыстың 26 қараша күні спирттік ішімдік ішілген көңіл көтеру кешінде орын алғаны анықталды. Отырыс кезінде ерегіс басталып, М.есімді азамат Б.есімді кісіні пышақтаған.
- Қызмет барысында қылмыс жасалғаны жайлы жедел ақпарат келіп түсті, мәлімдемедегі бағыт пен белгілер бойынша біз бірден іздеуге кірістік. Бірлескен шаралардың нәтижесінде, сағат кешкі 20.00 кезінде Ш.Уәлиханов көшесінде күдікті адам құрықталып, қалалық полиция басқармасына жеткізілді, - дейді кіші сержант Мақсат Жанәділ.
ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметі