Ұландықтар Шымкентте 10 адамды өрттен алып шықты

Ұландықтар Шымкентте 10 адамды өрттен алып шықты

Өрт Шымкент қаласында  23 қараша күні сағат  кешкі 21.50-де өрбіген болатын. Қала тыныштығын қамтамасыз етіп жүрген Ұлттық ұланның 6506 әскери бөлімінің әскери қызметшілері Абай шағын ауданында тұрғын үйдің бірінен өрт шығып жатқанын байқайды.

Ұландықтар тез арада бұл жайт туралы әскери жасақтар бойынша кезекшіге баяндайды. Сондай-ақ, 101 телефонына қоңырау соғып, өрт сөндіру қызметіне хабарлайды да дереу оқиға орнына жылжиды. Әскери жасақтардың қызметін бақылауға шыққан капитан Талғат Тасмұратов жағдайды бағамдаған соң, көмекке жақын жердегі үш әскери жасақты шақырады. Әскери қызметшілер бірлесе өртенген үйден адамдарды қауіпсіз жерге шығарады.

-  Ойланып тұратын уақыт болмады. Оқиға орнына келгенде бірінші кезекте аталған аймақты қоршауға алдық. Содан кейін үйге кіріп, пәтер тұрғындарының есіктерін қаға бастадық. Кеш уақыт болған соң кей тұрғындар ұйқыға жатып қалған екен. Барлығын ояттық, балалар мен қарт адамдарды қолымызға көтеріп алып шықтық, - дейді капитан Талғат Тасмұратов.

Ұлттық ұлан әскери қызметшілері төтенше жағдай мамандарымен өрт толығымен сөндірілгенше дейін оқиға орнында болады. Жалпы ұландықтардың күшімен барлығы 10-нан аса адам қауіпсіз жерге шығарылды. Олардың арасында төрт егде адам мен бір мүмкіндігі шектеулі жан бар. Соңғысын 5 қабаттан көтеріп түсірген.

ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметі