
Оқиға 11-қараша күні сағат түнгі 22.00 шамасында орын алған.
Қоғамдық тәртіпті күзетіп жүрген жауынгерлерге Жедел басқару орталығынан шұғыл хабарлама келеді. Хабарламада белгісіз ер адамның Медеу ауданында тапаншаға ұқсас қару ұстап жүргені туралы айтылған.
5571 әскери бөлімінің әскери жасақтар кезекшісі аға лейтенант Сабыржан Бейсен аға сержант Қуаныш Торғаевпен бірден хабарламада көрсетілген мекен-жайға аттанады.
Ұландықтар Қонаев-Мәметова көшелерінің қиылысынан сырт белгісі ақпараттағы адамға ұқсас азаматты байқайды. Ол да әскерилерді көрген бойда, бой тасаламақ болады. Алайда бірден соңына түскен ұландықтар жылдам әрекет жасап, оның жасырынуына жол бермейді.
Оқиға орнына Медеу аудандық полиция бөлімінің жедел-тергеу тобы шақырылып, куәгерлердің көзінше қолға түскен 26 жастағы күдіктіні тінту жұмыстары жүргізіледі. Тексеру барысында оның қалтасынан сериялық нөмірлері өшірілген екі газды тапанша тәркіленді.
ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметі