Орал тұрғынынан тапанша оқтары мен екі пышақ тәркіленді

Орал тұрғынынан тапанша оқтары мен екі пышақ тәркіленді

Ұлттық ұланның 5517 әскери бөлімінің жауынгерлері бір күнде Орал қаласының үш тұрғынынан Макаров тапаншасының оқтары мен алмас жүзі 6-7 сантиметрлік екі пышақ тәркіледі.

31 қазан күні сағат 21.50 кезінде қаланың Құрманғазы көшесінде қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етіп жүрген әскери жасақ мас күйдегі ер адамды тоқтатады. Қатардағы Есбол Орынбаев, Жанарыс және Бекарыс Зекеновтер тексеру кезінде ішімдік ішіп алған азаматтың құжаттары жоғын біледі. Алайда оның қалтасында жиналмалы пышақ бар екен.

Осы уақытта Достық-Тоқай көшесінде көше тәртібін қадағалап келе жатқан келесі әскери жасақ тағы бір мас адамды көреді. Жасақ бастығы Александр Пентин оның күртесіне жасырылған асүй пышағын тауып алады.

Сол күні сағат түнгі 22.40 кезінде Ә.Молдағұлова көшесін бақылап жүрген патрульдік топ бастығы сержант Аңсарбек Аманжолов жолдың арғы бетінен қисалаңдап бара жатқан ер адамды көреді. Тоқтатып, тексергенде қалтасынан Макаров тапаншасының 9 мм-лік 2 оғы табылды.

Қоғамдық тәртіпті бұзған азаматтар мән-жайды нақтылау мақсатында полиция қызметкерлеріне табысталды.

ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметі