Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығының жеке құрамы қазанның 26-29 аралығында жазғы оқу маусымы бойынша қорытынды тексеріс тапсырды. Айтып өту керек, биылғы жылы құқықтық тәртіп әскерінде жауынгерлік дайындық ерекше жағдайда ұйымдастырылды. Еліміздегі орын алған коронавирус індетінің пандемиясының әсерінен оқу онлайн режімде өтті. Ал пәндер электронды форматқа ауысты. Дене шынықтыру дәрістері жеке адамның өз ұстамына айналды. Соған қарамастан, биыл жыл қорытындысы санитарлық талаптарды қатаң сақтау арқылы ұйымдастырылды.
Жарты жылдық тексеріс барысында әскерилер оқу-жаттығуда үйренгендерін пысықтады. Әскери дене шынықтыру, атыс, мемлекеттік-құқықтық, тактикалық дайындықтар бойынша сынақтар тапсырды. Айта кету керек, жеке құрам барлық пәндер бойынша кәсіби даярлықтарының тиісті деңгейде екендіктерін танытты.
Тапсырушылар 5 оқу топтарына бөлінді. Үш күн ішінде әр топ әр түрлі пәндер бойынша қорытынды тексеріс тапсырды. Ең басты пәндердің бірі – атыс бойынша нормативтер Нұр-Сұлтан қаласының жанындағы «Қаптағай» далалық ату пунктінде өтті. Бұл жерде әскери қызметшілер Макаров тапаншасымен нысананы ату бойынша шеберліктерін тексерді. Әскери қызметшілердің басым бөлігі жақсы нәтижелер көрсетті. Бұл туралы ҚР Ұлттық ұланы жауынгерлік даярлық Бас басқармасының қызмет бастығы подполковник Рауан Байбосынов өз ойымен бөлісті.
Қорытынды тексерісті өткізудегі мақсат – жауынгерлік міндеттерді орындаудағы әскери қызметшілер мен бөлімшелердің кәсіби даярлығы мен мүмкіндіктерін анықтау. Оның нәтижесі бойынша кәсібі біліктіліктің жоғарылау не болмаса алынып тасталуы шешіледі. Кәсіби біліктілік бойынша ақшалай қолдау көрсетілетінін ескерсек, тек өз ісінің шебері әккі әскери атанғандар жауынгерлік даярлыққа, сонымен қатар өз отбасының бюджетіне үлес қосады. Әскеріміз кәсіби, қорғанысымыз мықты болғай!