Жаңаөзенде ұландықтар екі нашақорды құрықтады

Жаңаөзенде ұландықтар екі нашақорды құрықтады

Екі оқиға қатар болған. Екі күдіктіден де есірткі табылды.

30 қазан күні сағат 21.35 кезінде патрульдік қызмет атқару барысында  5548 әскери бөлімінің жауынгерлері сержант Нұргелді Шонаев, патрульдер кіші сержант Ербол Жақсылықов және қатардағы Аян Күлмағанбетов Шаңырақ шағынауданынан сырт келбеті күдік тудырған ер адамды байқайды. Оның әрекеті, жүріс-тұрысы мас адамға ұқсайды. 

Ұландықтардың қырағылығы мен түйсігі алдамаған екен. Олар күдікті азаматқа жақындап, құжаттарын тексереді. Куәгерлердің көзінше сырттай тінту жүргізіп, күртесінің қалтасынан бума табады. Кейін сараптамада белгілі болғандай, бұл марихуана есірткісі екен.

Арада бір күн өткенде, 1-қарашада ефрейтор Жандос Мухитден бастаған тағы бір әскери жасақ Самал шағынауданында шу шығарған ер адамды кезіктіреді. Сағат кешкі 21.00 шамасы болатын. Күдікті адам әскери форма киген сарбаздарды көрген бетте жақын маңдағы аулалардың біріне жасырынбақ болады. Алайда жасақ бастығы қасындағы патрульдер Мейірхан Әбубәкір мен Айбек Мұқажановты ертіп, оның ізіне түседі.

Қашқынды қолға түсірген ұландықтар оқиға орнына жедел-тергеу тобын шақырады. Күдіктінің не себепті қашпақ болғаны белгілі болды, құқық қорғау қызметкерлерімен бірге тексеру кезінде оның да қалтасынан марихуана есірткісі табылды.

Мән-жайды нақтылау мақсатында құқық бұзушылар полиция бөліміне тапсырылды. Қызмет барысында кәсіби біліктілік танытқан жауынгерлер әскери бөлім командирінің бұйрығымен марапатталды.