Көпірден секірген әйелді құтқарған Ұлттық ұлан жауынгерін БҚО әкімі қабылдады

Көпірден секірген әйелді құтқарған Ұлттық ұлан жауынгерін БҚО әкімі қабылдады

Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев «Шаған» өзенінен өтетін автокөлік көпірінен секірген әйелді құтқарып қалған Ұлттық ұлан "Батыс" өңірліқ қолбасшылығы 5517 әскери бөлімінің әскери қызметшісі аға сержант Асқар Нұрғалиевті қабылдады.

Өңір басшысы аға сержант А.Нұрғалиевтің көрсеткен ерлігі мен батырлығы үшін мың да бір  алғысын білдіріп, «Алғыс хат» және бағалы сыйлық табыс етті.

Құрметті Асқар Темірболатұлы, сіз өз өміріңізге қауіп төніп тұрса да, батылдықтың үлгісін көрсетіп, әйелді құтқарып қалдыңыз. Бұл оқыс оқиғаға ұшыраған жанға немқұрайлы қарамайтыныңызды, белсенді азаматтық ұстанымыңызды әйгілейді. Мұны ерлік деп есептемесеңіз де, бұған кез келген адамның батылы жетпес еді. Бұл сіздің адамгершілік, елжандылық қасиетіңіз бен ата-анаңыздың тәрбиесі деп білемін. Өсіп келе жатқан ұлдарыңыз да сіз секілді елге, қоғамға адал қызмет етсін. Осындай азаматтарымыз барда еліміз аман, жұртымыз тыныш болады деп санаймын. Қызметіңізге сәттілік тілеймін. Сізге өзімнің және облыс тұрғындарының атынан шексіз алғысымды білдіремін. Командирлеріңізге де алғысым зор, – деді облыс басшысы әкімдікте өткен баспасөз мәслихатында.

– Мен сол сәтте ештеңе ойлаған жоқпын. Тек құтқару керек болды. Оның қара күртесі де ауыр екен, соған қарамастан, қатты ағыспен күресе отырып, әйелді жағаға шығардым. Жағадан полиция, медицина қызметкерлері күтіп алды. Бәрі еркімнен тыс болған жайт. Кездейсоқ оқиға. «Ерлік жасаймын, көзге түсейін» деген ой болған жоқ. Менің орнымда болса, басқалар да осылай жасаған болар еді. Әскери қызметтегі бес жылымда мұндай жағдай бірінші рет кездесті, – дейді Асқар Темірболатұлы.

Естеріңізге сала кетейік, 26 қазан күні сағат 11:30 шамасында аға сержант Асқар Нұрғалиев кезекті ауысымның кезекшілігінен автокөлігімен қайтып келе жатып, "Динамо" турбазасы ауданындағы «Шаған» өзеніне көпірден секіріп бара жатқан әйелді көрген болатын. Асқар шұғыл белгілі орындарға қоңырау шалып, өз көлігін тоқтатып, өзенге секірді.

Өміріне төнген қауіпке қарамастан, бір өмірді ажалдан арашалап алады.

Айта кетейік, осы оқиғаға байланысты көрсеткен ерлігі үшін аға сержант Асқар Нұрғалиевті «Батыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы генерал-майор Арман Жұмағалиев ІІ дәрежелі «Ұлттық ұлан қызметінің үздігі» кеуде белгісімен марапаттаған болатын.