
Оралда Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы "Батыс" өңірлік қолбасшылығы 5517 әскери бөлімінің әскери қызметшісі аға сержант Асқар Нұрғалиев көпірден Шаған өзеніне секірген әйелді өлім ауызынан құтқарып қалды.
Оқиға 26 қазанда сағат 11.30 шамасында болған. Аға сержант Асқар Нұрғалиев кезекшілік жауынгерлік қызметтің кезекті ауысымынан өз көлігімен қайтып келе жатып, белгісіз бір әйелдің көпірден секіргенін көріп қалады. Асқар дереу жедел қызметтерге қоңырау шалып, көлігінен жүгіре шығып, бірден суға секірді.
Шұғыл іс-әрекеттінің арқасында әйел адамды судан жағаға шығарады, көп ұзамай оқиға орнына жедел қызмет мамандары мен полиция жасағы да келді.
Әйел адам 32 жаста екен. Ол жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілген. Қазіргі таңда өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ.
Асқардың өзі бұл әрекетін ерлік деп санамайды. Айтуынша, оның орнында болған кез келген адам осындай әрекет жасары анық.
Батыс Қазақстан облысы, Бөкей ордасы ауданы Бисен кентінің тумасы А.Нұрғалиев адам өмірін құтқаруға байланысты төтенше жағдай кезінде көрсеткен батылдығы мен ерлігі үшін Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы "Батыс" өңірліқ қолбасшылығы қолбасшысының марапатына ұсынылды.