Бүгін Нұр-Сұлтанда Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығына арналған «Біз – Жеңістің мұрагеріміз!» эстафетасы өз мәресіне жетті.
Шара басталғанға дейін бас шаһардағы Панфиловшылар Аллеясына гүл шоқтарын қою рәсімі ұйымдастырылды. И.В.Панфиловтың немересі Алуа Байқадамова, Ұлттық ұлан тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар Бас басқармасының бастығы полковник Александр Крамар, әйгілі Жауынгерлік Тудың көшірмесін иыққа салған Ту тобы Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жауынгерлердің рухына тағзым жасап, аты аңызға айналған генерал И.В.Панфиловтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.
Тағзым эстафетасының жабылуына арналған салтанатты шара Ұлттық ұланның 5573 әскери бөлімінде орын алды. Алқалы жиынға ҚР Ішкі істер органдары мен Ұлттық ұлан ардагерлер кеңесінің төрағасы милиция генерал-майоры Өмірзақ Болсамбеков, Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары генерал-майор Әлібек Серәлиев, Иван Панфилов немересі Алуа Байқадамова, Ұлттық ұлан Ардагерлер кеңесінің төрағасы генерал-майор Қалиақпар Тоқышев, әскер ардагері генерал-майор Дәулет Салханов және өзге де меймандар қатысты. Іс-шара барлық санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай ұйымдастырылды.
Саптық алаңда Ұлттық ұланның астаналық гарнизоны бойынша әскери бөлімдерінің жеке құрамы, 8-ші гвардиялық Панфилов дивизиясы Жауынгерлік Туының көшірмесін арқалаған Ту тобы, 28 панфиловшының образын бейнелеген әскерилер қаз қатар тізілді.
Салтанатты шараның шымылдығын Ішкі істер органдары мен Ұлттық ұлан Ардагерлер кеңесінің төрағасы Өмірзақ Болсамбеков ашып, соғысқа қатысқан бабаларымыздың есімін мәңгілік сақтау жолында үлкен игі іс өтіп отырғанын айтты:
Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары генерал-майор Әлібек Серәлиев эстафетаның маңыздылығына тоқталып, акция кезінде жүздеген іс-шаралар мен патриоттық сабақтар өткізілгенін айтты.
Меймандардың құттықтау сөздерінен кейін 8-гвардиялық Панфиловшылар дивизиясының Жауынгерлік Туының көшірмесін Алуа Байқадамоваға салтанатты түрде 5573 әскери бөлімінің командирі полковник Нұрлан Мұхамедов табыстады. Артынша 28 панфиловшы бейнесіндегі әскери қызметшілерден құралған есептік қорап пен елорда гарнизоны әскери қызметшілерінің салтанатты шеруі өткізілді. Шара соңы Ұлттық ұлан Ән-би ансамблінің ұйымдастыруындағы театрландырылған концерттік қойылымға ұласты.
ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметі