Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығына арналған «Біз – Жеңістің мұрагеріміз!» атты тағзым эстафетасының негізгі атрибуты Петропавлдан елордаға жеткізілді. Кеңес Одағының Батыры генерал-майор И.В. Панфилов атындағы 8-гвардиялық гвардиялық дивизиясының Жауынгерлік Туының көшірмесі салтанатты түрде 5573 әскери бөліміне табыс етілді.
Айтып өту керек, елдегі пандемиялық ахуалға байланысты 16-наурыз күні Петропавл қаласына жеткен эстафета тоқтатылып, Жауынгерлік Ту көшірмесі Ұлттық ұланның 6637 әскери бөлімінің музейіне уақытша табысталған болатын.
Эстафета аясында ұйымдастырушылар елордада тұратын ҰОС ардагерлері – Әбдірахман Сафаров пен Павел Сергеенконың үйіне барды.
Ұландықтар қарт майдангерлерге күтпеген тосын сый жасады. Ардагерлер тұратын үйдің ауласында кішігірім парад өткізіліп, олар үшін Жауынгерлік Тудың көшірмесі әкелінді. Ал әскери оркестр өнерпаздары соғыс жылдарындағы әндерді орындады.
Әскери қызметшілер ардагерлерге Ішкі істер министрі полиция генерал-лейтенанты Ерлан Тұрғымбаевтың және Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Руслан Жақсылықовтың атынан алғыс хаттарды табыс етті. 28 панфиловшы бейнесіндегі парадтық топ жеңімпаздар үшін салтанатты маршпен өтті.
Аталмыш эстафета ағымдағы жылдың 5-ақпанында Қазақстан Республикасы ішкі істер министрі полиция генерал-лейтенанты Е.З.Тұрғымбаевтың шешімімен Ұлттық ұланда бастау алған болатын.
Оған Полиция, Төтенше жағдайлар, Қылмыстық-атқару жүйесі департаменттерінің қызметкерлері, Ұлттық ұланның өңірлік қолбасшылықтары, әскери бөлімдері мен бөліністерінің жауынгерлері, ІІО мен ҰҰ ардагерлер ұйымы, сондай-ақ орта мектеп оқушылары мен әскери-патриоттық клубтардың тәрбиеленушілері, студент жастар, құқықтық тәртіп әскерінің әскери бөлімдері орналасқан қалалардағы жергілікті қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Эстафета басталғалы панфиловшылар дивизиясы Жауынгерлік Туының көшірмесі еліміздің 15 елдімекенінде болды.
Эстафета барысында кешенді іс-шаралар, атап айтсақ, соғыс және еңбек ардагерлерімен кездесулер, ҰОС ардагерлері тұратын мекен-жайларда шағын парадтар, жас жеткіншектермен ерлік сабақтары, мұражайлық көрмелер өткізілді. Ұлттық ұланның әскери-үрмелі оркестрлері елдімекендер мен әскердің жекеленген бөліністерінде концерттер қойды.
ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметі