Қызылорда облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит: 2024 жылы 84 аудиторлық іс-шара жүргізілді

Қызылорда облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит: 2024 жылы 84 аудиторлық іс-шара жүргізілді

2024 жылы Қызылорда облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті 84 аудиторлық іс-шара арқылы қаржылық бақылау жүргізді. Анықталған бұзушылықтардың басым бөлігі рәсімдік сипатқа ие болып, мемлекеттік сатып алу заңнамасының талаптарының сақталмауымен байланысты. Жүргізілген 84 аудиторлық іс-шараның 56-сында қаржылық бұзушылықтар анықталып, олардың үлесі жалпы тексерулер санының 67 пайызын құрады. Бұл туралы Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Қызылорда облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысы Ербол Күзембаев мәлімдеді.

Белгілі болғандай, ішкі мемлекеттік аудит органдары – мемлекеттік сатып алу заңнамасының сақталуын бақылауды жүзеге асыратын уәкілетті орган. Департамент бастамасымен анықталған бұзушылықтарды жою және оларға жол берген лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін қарау мақсатында білім, құрылыс, денсаулық сақтау және басқа да салалардың жауапты қызметкерлері тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Қазіргі уақытта Комитет пен оның аумақтық департаменттері білім беру, мәдениет және спорт ұйымдары тарапынан қазынашылық органдары арқылы жүргізілген ақша аударымдарына 11 тәуекел бейіні бойынша онлайн-мониторинг жүргізуде. Атап айтқанда, келесі факторлар талдануда:

  • бір жыл ішінде бір жеке тұлғаға қаражат аудару,
  • қызметкерге тиесілі емес карталарды пайдалану,
  • қаражатты шотқа аудару,
  • бір қызметкердің екі немесе одан да көп карт-шотына аударым жасау,
  • және басқа да күмәнді операциялар.

Өз кезегінде, департамент бюджет қаражатының дұрыс әрі мақсатты жұмсалуына, сондай-ақ мемлекеттік сатып алу заңнамасының сақталуына тұрақты бақылау жүргізетін болады, – деп атап өтті Ербол Қабаштайұлы.