
Мемлекеттік басқаруды цифрландыру жағдайында электрондық аудит ішкі мемлекеттік аудит жүйесінің тиімділігі мен ашықтығын арттырудың негізгі құралына айналуда.
Заманауи технологиялар бақылау процесін автоматтандырумен қатар, мемлекеттік аудиторлардың аналитикалық мүмкіндіктерін едәуір кеңейтуге мүмкіндік береді.
Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитеті мемлекеттік аудит саласына заманауи технологияларды белсенді түрде енгізуде.
Атап айтқанда, 2024 жылы бюджет қаражатын игеру жөніндегі мәліметтерді пайдалана отырып, электрондық аудит арқылы 26 млрд теңге сомасына құрылыс-монтаждау жұмыстарының нақты орындалмаған көлемі және жеткізілмеген активтер үшін ақы төлеу жағдайлары анықталды.
Сонымен қатар, өткен жылы пост-аудиттен профилактикалық аудитке көшу аясында қазынашылық органдарының деректері негізінде бюджеттік төлемдерді нақты уақыт режимінде қашықтан бақылауға мүмкіндік беретін "Онлайн бюджеттік мониторинг" модулі әзірленіп, іске қосылды.
Білім беру ұйымдары бойынша егжей-тегжейлі мәліметтерді мониторингтеу нәтижесінде жалақы түрінде заңсыз төлем жасау қаупі жоғары мыңнан астам жағдай анықталды.
Тәуекелді объектілерге 4,1 млрд теңге сомасындағы төлемдерді қайта қарау туралы хабарламалар жіберілді, нәтижесінде 1,5 млрд теңге көлеміндегі заңсыз төлемдер расталды.
Осы мәселе бойынша Комитет пен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет арасында толық өзара іс-қимыл орнатылып, аталған құралдың алдын алу рөлін түсіну қалыптасты.
Ағымдағы жылы модульді мәдениет, спорт және денсаулық сақтау салаларына кеңейту, оны штаттық кестелермен және Еңбек министрлігінің лауазымдар реестрлерімен толықтыру, сондай-ақ хабарламаларды автоматты түрде жіберу функционалын іске асыру жоспарлануда. Яғни, бұл жұмыс камералдық бақылау шеңберінде жүзеге асырылатын болады.
Мемлекеттік сатып алу қорытындыларын шағымдану тетігінде аудитордың рөлінің өзгеруіне байланысты сатып алу рәсімдерін камералдық бақылау тек конкурстық құжаттамаларды жариялау және талқылау кезеңдерінде жүргізіледі.
Сонымен бірге, мемлекеттік сатып алу шарттарының орындалуын камералдық бақылау институтын проактивті форматта енгізу мәселесі қарастырылуда.
Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитеті аудиторлық қызметке цифрлық технологияларды енгізу бойынша белсенді жұмыстарды жалғастыруда, бұл мемлекеттік бақылау жүйесін нығайтуға және мемлекеттік ресурстарды басқару тиімділігін арттыруға ықпал етеді.