
Тұрғындарды ерікті ретінде жемқорлыққа қарсы күресуге тарту және халық арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы сананы қалыптастыру – қоғамдағы парақорлықты жою мақсатында Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің бастамасымен Батыс Қазақстан облысының «Достық үйінің» мәжіліс залында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік» жобасының еріктілеріне арналған облыстық слеты өтті.
Слетке облыстың белсенді азаматтары, қоғамдық бірлестіктерінің, жеке және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің, басқа да ұйымдардың өкілдері қатысты.
Слет жұмысына Батыс Қазақстан облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаментінің қаржылық есептілік бөлімінің мемлекеттік аудиторы Алмагул Темиралиева қатысып, «Мемлекеттік сатып алу барысында орын алған бұзушылықтар және оларды жою жолдары» атты тақырыбында баяндама жасады.
Өз баяндамасында Алмагул Темиралиева Мемлекеттік аудиттің мақсаты бюджет қаражатын, мемлекет пен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің активтерін басқарудың және пайдаланудың тиімділігін арттыру болып табылатыны, сондай-ақ бюджетті атқарудағы бұзушылықтар мен кемшіліктерді анықтау және алдын алу екенін атап өтті.
Слетке қатысушылар жан-жақты пікір алмасып, түрлі бастамалар мен ұсыныстарды айтты. Сондай-ақ волонтерлік қызметке қатысты маңызды мәселелер мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы мақсаттарға қол жеткізудегі рөлі талқыланды.