
Камералдық бақылау дегеніміз ақпараттық жүйелердің деректерін, сондай-ақ мемлекеттік аудит объектілерінің қызметі туралы басқа да мәліметтерді талдау және салыстыру негізінде ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті орган ведомствосының аумақтық бөлімшесі мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау объектісіне (бұдан әрі-мемлекеттік аудит объектісі) бармай жүзеге асыратын бақылаудың өзге нысаны болып табылады.
Камералдық бақылаудың мақсаты бұзушылықтардың уақтылы жолын кесу және оларға жол бермеу, мемлекеттік аудит объектісіне камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды дербес жою құқығын беру және мемлекеттік аудит объектілеріне әкімшілік жүктемені азайту болып табылады.
Камералдық бақылауды жүргізу тәртібі «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» ҚР Заңымен, сондай-ақ камералдық бақылауды жүргізу қағидаларымен регламенттелген.
2020 жылдың басынан бастап Қостанай облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментімен жалпы сомасы 263 721 510,8 мың теңгеге 74 795 Мемлекеттік сатып алу рәсімдері камералдық бақылаумен қамтылды. Камералдық бақылау қорытындысы бойынша жалпы сомасы 10 130 555,1 мың теңгеге бұзушылықтарды жою туралы 286 хабарлама жіберілді.
Жол берілетін бұзушылықтардың себептерін талдау негізгі бұзушылықтар әлеуетті өнім берушілерге заңнамада көзделмеген біліктілік талаптарын және шарттарды орындау талаптарын белгілеу, рұқсат беру құжаттарының болуы бойынша негізсіз талаптар, мүгедектердің қоғамдық бірлестіктерінің қатысу ерекшеліктерін ескермей сатып алу және т.б. болып табылатындығын көрсетеді.