ҚР Қаржы вице-министрі Дәурен Маратұлы Кеңбеилдің төрағалығымен «Мемлекеттік сатып алу туралы» жаңа Заңды іске асыруға байланысты Ішкі мемлекеттік аудит комитеті мен аумақтық департаменттердің басшылығының қатысуымен семинар-кеңес өткізілді.
Оның барысында аудитордың нәтижелерге шағымдану тетігіндегі міндетінің өзгеруіне қатысты жаңашылдықтар, сондай-ақ сатып алу нәтижелеріне шағымданудың жаңа тәртібіне байланысты мәселелер талқыланды.
Аталған кездесуде Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің төрағасы Ержан Мыңжасаров осы реформадағы жаңа ережелер мен тәсілдерді іске асыру үшін ішкі аудит органдары қабылдаған бастамалар мен қолға алған шаралар туралы айтып берді.
Оның айтуынша, тың тетіктерді енгізу жауапкершілікті күшейтіп, мемлекеттік сатып алу процесіне көпшіліктің сенімін арттыруға көмектеседі.
Талқылау кезінде қатысушылар мемлекеттік сатып алу веб-порталының функционалдығын жақсарту, сатып алу процесіне цифрлы шешімдерді енгізу бойынша тәжірибе алысуға байланысты мәселелерді де қозғады. Нормативтік базаны одан әрі оңтайландырып, жетілдіруге қатысты жұмыс бюрократияны азайтып, бақылау сапасын жақсартуға басымдық беру арқылы жалғастырылатын болады.
Кеңестің соңында Дәурен Маратұлы жаңа заңды табысты іске асыру үшін барлық мемлекеттік орган мен мүдделі тараптардың бірлесіп жұмыс істеуі маңызды екенін атап өтті. Вице-министр айтқандай, бұл еліміздегі мемлекеттік сатып алу сапасының айтарлықтай жақсаруына әсер етуге тиіс.