ҚР Қаржы министрлігінің бастамасымен ұйымдастырылған Digital Finance Day іс-шарасының сессияларына IT және бизнес-қауымдастықтардың, Ұлттық Банктің және қаржы нарығына қатысушылардың өкілдері жиналды
Demo-Day форматында өткен басқосуда мемлекеттік қаржы жүйесін цифрлы трансформациялаудың өзекті мәселелері талқыланды. Сонымен қатар цифрлы теңгенің әлеуеті мен кәсіпкерлік қызметті жеңілдетуге, шағын және орта бизнес үшін банктік сервистердің тиімділігін арттыруға, бірыңғай сатып алу платформасын дамытуға және басқа да маңызды аспектілерге бағытталған тың цифрлы шешімдерге ерекше назар аударылды.
Бұдан бөлек көпшілікке Қаржы министрлігі мен оған қарасты комитеттердің жаңа логотипі таныстырылды. Ведомстволардың жаңа таңбасы дәстүр сабақтастығы, озық технологияларға деген ұмтылыс пен заман ағымына ілесуді айғақтайды.
Іс-шара барысында Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің өкілдері бюджет қаражаты мониторингінің цифрлы құралдарын қолданыстағы режімде енгізу мен пайдалану тәжірибесі туралы айтып, сондай-ақ қабылданып жатқан шаралардың нәтижесінде қол жеткізілген жетістіктер жөнінде жеткізді.
Бұл орайда комитет төрағасының орынбасары Мұрат Оразбай ведомство қызметінің пост-аудиттен превентивті аудитке көшуге бағытталғанын және мемлекеттік бюджет шығыстарын оңтайландырып, көлемді деректерді жылдам талдауға мүмкіндік беретін цифрлық шешімдердің маңыздылығы туралы айтып берді.