Шығыс Қазақстан облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті басшысының орынбасары Арман Солумбаев ведомство жұмысының ағымдағы жылдың 9 айындағы нәтижелерін баяндады.
Жыл басынан бері Департаментпен 40 аудиттік іс-шара өткізіп, барысында жалпы сомасы 17,7 млрд теңгеге қаржылық бұзушылықтар, 16,9 млрд теңгеге рәсімдік бұзушылықтар, сондай-ақ 100,6 млн теңгеге мемлекеттік сатып алу саласындағы бұзушылықтар анықталды.
Тексеру қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджетке 1415,0 млн теңгені өтеу, сондай-ақ қалпына келтіру арқылы шамамен 1032,5 млн теңгені қайтару қамтамасыз етілді. Аудиттік іс-шаралардың нәтижесінде 26 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке, 39 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Арман Қаныбекұлы автоматтандырылған жүйелер арқылы бюджет қаражатының тиімді пайдаланылуын бақылаудың маңыздылығын атап өтті. Бұл адами факторды болдырмауға және тәуекелдерді басқаруды күшейтуге мүмкіндік береді, осылайша сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтады.
"Біздің күш-жігеріміз өңірдің дамуына және азаматтардың мемлекеттік институттарға деген сенімін арттыруға ықпал ететін мемлекеттік аудиттің ашық және жауапты жүйесін құруға бағытталған", - деп атап өтті Солумбаев.