
Атырау облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті (бұдан-әрі-Департамент) басшысының орынбасары Р.А.Түсіпбергенмен ағымдағы жылдың наурыз айында білім беру ұйымдары мен мектепке дейінгі ұйымдарда ыстық тамақпен қамтамасыз ету қызметтері мен азық-түлік тағамдарын жеткізу бойынша өткізілген мемлекеттік сатып алулар бойынша жүргізілген талдау қорытындысы негізінде облыс деңгейінде ең көп бұзушылықтар орын алған Индер ауданына қарасты білім беру ұйымдары мен мектепке дейінгі ұйымдардың қатысуымен ҚР Білім және ғылым министрлігінің 2018 жылғы 31 қазандағы №598 бұйрығымен бекітілген «Мемлекеттік орта білім беру ұйымдарында, мектептен тыс қосымша білім беру ұйымдарында білім алушыларды тамақтандыруды ұйымдастыру, сондай-ақ мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдарда, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарында, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында тәрбиеленетін және білім алатын балаларды тамақтандыруды қамтамасыз етуге байланысты тауарларды сатып алу қағидалары» (бұдан әрі – Қағида) талаптарын сақталуы бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Сол сияқты түсіндірме жұмыстары облыстың Мақат және Жылыой аудандарында да «еркін микрофон» форматында өткізілді, сонымен қатар жиынға қатысушылар тарапынан сұрауы бойынша жекелеген қабылдаулар жүргізілді. Атқарылған іс-шараның негізгі мақсаты бұзушылықтардың алдын алу және алдағы уақытта болдырмау. Сондай-ақ Департаменттің 2023 жылға арналған Медиа-жоспарын орындау және «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясындағы шаралар.
Департаментке 2023 жылдың 1-тоқсанында Атырау облысы бойынша білім беру ұйымдары мен мектепке дейінгі ұйымдарда ыстық тамақпен қамтамасыз ету қызметтері мен азық-түлік тағамдарын жеткізу бойынша өткізілген сатып алуларға қатысты заңды және жеке тұлғалардан 62 арыз (427 лот) түсті, оның ішінде 54 арыз (403 лот) қаралды, 8 арыз (24 лот) қаралу үстінде.
Арыздарды қарау нәтижесімен бір аудиторлық іс-шара тағайындалды, бүгінгі күні аудиторлық іс-шаралар Департамент құзыреті шегінде Қағида талаптарының сақталуына жүргізілуде.
Департаментте камералдық бақылаумен Білім беру ұйымдары мен мектепке дейінгі ұйымдарда ыстық тамақпен қамтамасыз ету қызметтері мен азық түлік тағамдарын жеткізу бойынша сатып алудың 403 лоттары бойынша камералдық бақылау жүргізіліп, оның ішінде 377 лоттары бойынша бұзушылықтар анықталып, оларды жою туралы хабарламалар жолданды.
Қаралған 403 лоттың ішінде 24 лот бойынша арызда көрсетілген уәждер өз дәлелін таппады, 221 лот бойынша арыздар толығымен және 156 лот бойынша ішінара қанағаттандырылды.
Есепті кезеңде қамералдық бақылау қорытындысымен 377 хабарлама жолданып, оның ішінде 304 хабарлама бойынша конкурс қорытындылары қайта қарастырылды немесе тиісінше орындалды, 3 хабарламаға мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушылар тарапынан қарсылық жазылып, бүгінгі күні Қазақтсан Республикасының Қаржы министрлігінде қаралуда, 70 хабарлама тиісінше орындалмай, нәтижесінде 67 әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы хаттамалар толтырылып, сотқа жолданды, 3 хабарлама бойынша хаттама толтырылу жұмыстары жүргізілуде және 1 мектепке дейінгі ұйымның банк шоттары бойынша шығыс операциялары тоқтатылды.
Жіберілген бұзушылықтардың салдарынан мектеп оқушылары мен балабақша тәрбиеленушілерін үздіксіз ыстық тамақпен қамтамсыз ету қызметі бұзылып, әлеуметтік салада мемлекеттік органдарға деген теріс пікір қалыптасып, бюджеттен бөлінген қаражаттың мақсатты жұмсалуына және тиімді игерілуіне әсер етеді.
Сол себепті, ұйымдастырылған іс-шараның нәтижесі оң бағалап, алдағы уақытта жүргізілген талдау қорытындысы бойынша түсіндірме жұмыстарымен облыстың басқа да аудандарын қамту жоспарлануда.