
Әкімшілік әділет бойынша пікірталас клубы мемлекеттік сатып алу рәсімін талқылады
Елордада Астана қаласы сотының негізінде құрылған әкімшілік әділет жөніндегі пікірталас клубының үшінші отырысы өтті. Дәстүр бойынша ҚазМЗУ университеті талқылау алаңы болды. Осы оқу орны құқық қолдану қызметі шеңберінде Астана қаласының соттарымен ынтымақтаса жұмыс істейді.
Пікірталас клубында мемлекеттік сатып алу саласындағы дауларды шешу мәселесі талқыланды. Осы іс-шараға Жоғарғы Соттың судьялары, Астана қаласы сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының төрағасы мен судьялары және елорда соттарының судьялары, Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің, Қазынашылық комитетінің басшылығы, адвокаттар, прокурорлар қатысты.
Қатысушыларды құттықтай келіп, Астана қаласы сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Дамир Әбдіғалиев әкімшілік сот ісін жүргізу қағидаттарын ескере отырып, даулардың осы санатын қарау тәсілдерінің өзгеруіне назар аударды.
Соттың белсенді рөлі, әділеттілік және пропорционалдылық қағидаттары азаматтардың істің оң нәтижесіне жету мүмкіндігін арттырады.
Ішкі мемлекеттік аудит комитеті төрағасының орынбасары Ренад Ахметов аудит жүргізу тәртібіне, заңнамадағы өзгерістерге және проблемалық мәселелерге егжей-тегжейлі тоқталды.
Отырысқа қатысушылар тәжірибеден алынған мысалдармен бөлісіп, проблемалық мәселелерді, осы саланың даму келешегін талқылады.
Елорда әкімшілік сотының судьясы Нұрлан Әубәкіров мемлекеттік сатып алу бойынша даулар, оларды өткізу рәсімі, заңнамалық реттеу, сот практикасы туралы айтты.
«Атамекен» кәсіпкерлер палатасының өкілдері мемлекеттік сатып алуды өткізу тетіктерінің ашық әрі анық болуына қарамастан, мемлекеттік сатып алу рәсімін өткізу кезінде әлеуетті өнім берушілер құқықтарының бұзылатынына назар аударды. Нәтижесінде осы даулар сот талқылауының тақырыбына айналады.
Отырыстың қорытындысы бойынша заңнаманы жетілдіру, проблемалық мәселелерді шешу туралы нақты ұсыныстар әзірленді.