
«Періште алтын көрсе жолдан таяды» демекші, қазына қаражатын оңды-солды жұмсап, қалтасын қампайтқысы келетіндер азаяр емес. Әсіресе, білім ошақтары мен мәдениет үйлері секілді әлеуметтік нысандар басшылары «бармақ басты, көз қысты» әрекеттерінен әлі арылмай жүр. Атырау облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті жоспардан тыс тексеріс нәтижесінде бірнеше ұйымда өрескел қаржы бұзушылықтарын анықтады.
Мектептер мен мәдениет ошағы директорларының тарапынан «тізімде бар, жұмыста жоқ» қызметкерлер арқылы мемлекет қазынасына «қол сұғу» деректерінің азаймай отырғандығы қынжылтады. Жақында осындай бірнеше деректі Атырау облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің қызметкерлері анықтады. Айталық, Жылыой ауданында мектеп директоры жұмыс істемеген екі жанға үш жылдан астам уақыт бойы 5 миллион теңгеден астам «жалақы» аударып келген. Аудандағы №2 жалпы орта білім беретін мектепте өрескел қаржы бұзушылық әшкереленді.
Білім ошағының бұрынғы басшысы 2018-2021 жылдар аралығында мектепте жұмыс жасамайтын екі жеке тұлғаның карт шоттарына 5 119 116 теңге аударып, бюджет қаражатын негізсіз шығындаған. Яғни, ҚР Еңбек және Бюджет Кодекстері талаптарының бұзылғаны белгілі болды. Аудит қорытындысында мақсатсыз жұмсалған қаржы ел қазынасына толықтай қайтарылды.
Осы аудандағы «Қосшағыл» мәдениет үйінде жұмыс жасамаған екі «қызметкер» бір жыл бойы еңбекақы алып отырған. Нақтырақ айтқанда, «Қосшағыл» мәдениет үйі» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының директоры екі тұлғамен еңбек шарттарын жасаған. Олардың карт шоттарына жалпы сомасы 992395 теңге аударған. Дегенмен, аудит барысында бұл жандардың кәсіпорында мүлде жұмыс жасамағаны белгілі болды. Яғни, бюджет қаржысы «аты бар да заты жоқ» қызметкердің «қалтасын қампайтқан». Аудит қорытындысына сәйкес, ҚР «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» заңы бойынша «желге ұшқан» қаражат қазынаға кері өтелді.
Тағы бір дерек Құрманғазы ауданындағы Шортанбай ауылдық мәдениет үйінде анықталды. Мәдениет ошағының есепшісі жеке банк карт шотына заңсыз 13 184 251 теңге аударған.
Тескеріс кезінде белгілі болғандай, мәдениет үйінің есепшісі ҚР Бюджет кодексі талаптарына қайшы әрекет жасаған. Яғни, кәсіпорын қаражатын өзінің жеке банк карт шотына аударған. Күні бүгінде оның 5 650 000 теңгесі қайтарылған. Есепшіге қатысты сот процесі әлі жалғасып жатыр.
Мектеп – білім ордасы болса, мәдениет үйі – өнер ортасы. Ел тұтқасын ұстайтын, талант иелерін шыңдайтын орындарда сыбайлас жемқорлық деректерінің анықталуы ақылға қонымсыз жағдай. Оның үстіне, мұндай факторларға жол бергендер жазасыз қалмайды. Елімізде жемқорлықпен күрес жұмыстары ешқашан бәсеңдемейді.