
Ақтөбе облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті "Ақтөбе облысы Темір ауданы Ақсай ауылдық округі әкімінің аппараты" ММ-де (бұдан әрі - Мекеме) "AlFA CENTRE" ЖШС-мен және "Сүлейменов" ЖК-мен полиграфиялық қызметтер көрсету, қазандық жабдықтарын орнату бойынша жұмыс пен оргтехникаға және тағы басқаларға қызмет көрсету бойынша мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасу және орындау заңдығы бөлігінде Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына сәйкестігіне, сондай-ақ бас маман М.Тынышбаевқа 01.07.2022 жылдан бастап 31.12.2022 жыл аралығындағы кезеңде төленген төлемдердің негізділігіне жоспардан тыс аудиторлық іс-шара жүргізді.
Қазақстан Республикасының «Электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы» 2003 жылғы 7 қаңтардағы №370-ІІ Заңының 10-бабы 1-тармағына қайшы, мекеме басшысы Е.Н.Бегимовтың түсініктемесіне сәйкес, ЭЦҚ-сын (электрондық цифрлық қолтаңбасын) қолдануды білмейін сылтау етіп, сенімхат, алым-берім актілері немесе басқа да заңды құжаттарсыз, есепші М.Ж.Тынышбаевқа негізсіз берілгені анықталды.
Осындай олқылықтың салдарынан және басшылық тарапынан тиісті бақылау болмағандықтан, 2 983,0 мың теңгеге қаржылық сипаттағы, 9 578,0 мың теңгеге рәсімдік сипаттағы бұзушылықтар анықталды:
Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 23 қарашадағы № 414-V Еңбек кодексінің 103-бабының 1-тармағына, 113-бабының 1-тармағына, 114-бабының 1-тармағына қайшы, 2022 жылғы шілдеден қазанға дейінгі кезеңде бас маман М.Тынышбаевқа жалпы сомасы 1 032,0 мың теңгеге артық төлем жүргізілген.
"Мемлекеттік сатып алу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі - Заң) 41-бабы 1-тармағына қайшы, 2022 жылы жалпы сомасы 9 578,0 мың теңгеге Заңның 39-бабының 3-тармағы 42, 44) тармақшаларымен көзделген негіз бойынша тікелей шарт арқылы бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алу туралы 27 шарт негізсіз жасалған.
Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларының 380-тармағына қайшы, мекемемен веб-порталда 9 578,0 мың теңге сомасына тікелей шарт жасасу жолымен бір көзден мемлекеттік сатып алу туралы есеп орналастырылмаған.
Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 4 желтоқсандағы №95-IV Бюджет кодексінің 97-бабы 6-тармағына, 4-бабы 9-тармақшасына және «Бюджеттің атқарылуы және оған кассалық қызмет көрсету ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2014 жылғы 4 желтоқсандағы №540 бұйрығының 215-тармағына қайшы, Мекеме мен «ALFA Centre» ЖШС-і арасында қандай да бір келісім шарттар жасалмай, орындалған жұмыстар актілері ресімделмей, қаңдай тауарларды, қызметтерді немесе жұмыстарды мемлекеттік сатып алғандығы жөнінде растаушы құжаттары болмай, жалпы сомасы 1 951,0 мың теңгеге бюджет қаражаты негізсіз жұмсалған, яғни «ALFA Centre» ЖШС-нің есеп шотына аударылған төлем тапсырмаларын ұсыну заңдылығы мен негiздiлiгi қамтамасыз етілмеген.
Сондай-ақ, жалпы сомасы 10 005,0 мың теңгеге тікелей шарт арқылы бір көзден алу тәсілімен негізсіз шарт жасасқаны үшін әкімшілік құқық бұзушылық туралы 27 хаттама толтырылып, лауазымды тұлғаның өтініші негізінде мәні бойынша қарау үшін Темір аудандық сотына қарауға жолданды.
Аталған бұзушылықтар бойынша Департаментпен заңнамамен белгіленген тәртіп бойынша тиісті шаралар қабылданды.