
Алматы қаласы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті Алматы қаласы Білім басқармасының «№148 бөбекжай-бақшасы» КМҚК (әрі қарай -Кәсіпорын), қызметкерлеріне еңбекақы төлеуді есептеу негізділігіне аудит жүргізіп, 16 345,8 мың теңге сомасындағы бұзушылықтарды анықтады.
Мысалы, еңбекақы есептеудің негізділігін тексеру нәтижесінде 894,9 мың теңге сомасында жалақы, жәрдемақылар мен қосымша ақылардың негізсіз төленгені анықталды. Сонымен қатар, 1 303,5 мың теңге сомасында штаттан тыс сан бойынша бұзушылықтар, біліктілік талаптарына сәйкессіздіктер және т.б. анықталды.
Бұдан басқа, төлем тапсырмалары бойынша ақша алушылардың тиісті шоттарына жүргізілген төлемдер бойынша ақша алушылардың қалыптастырылған тізімін есеп айырысу-төлем ведомостерін беруге арналған сомалармен салыстыру аудиті нәтижесінде 8 458,8 мың теңге сомасында артық аударылған және (-) 5 688,6 мың теңге сомасында аударылмай қалған ақша қаражатының деректері анықталды.
Осылайша, Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 167-бабының 4-тармағын бұза отырып, Кәсіпорын заңды тұлғалардан жалақы және өзге де төлемдер алуға сенімхаты жоқ қызметкерлердің ақшасын алушылардың тиісті емес шоттарына аударып отырған.
Аудит объектісінің жауапты тұлғаларының түсініктемелеріне сәйкес, бұл сәйкессіздіктер қызметкерлердің жалақысын кәсіпорынның басқа қызметкерлеріне карточкалық шоттарға аудару туралы өтініштері негізінде пайда болды, өйткені олардың несиелер бойынша берешектері немесе басқа да себептері бар болған.
Аудит материалдары процессуалдық шешім қабылдау үшін Алматы қаласының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметіне тапсырылды.
Алматы қаласы Алатау аудандық сотының үкімімен Кәсіпорын меңгерушісі және екі бухгалтер ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабы, 4-бөлігі, 2-тармағы «Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу» бойынша үкім шығарып және де 55-баптың 3,4-бөліктерін қолдана отырып, 6 (алты) жылға бас бостандықтарын шектеп, бюджеттік ұйымдарда қызмет атқаруға өмір бойына тыйым салу жазасы берілді.