
Құрамына қаржы ұйымдары, акционерлік қоғамдар (коммерциялық еместерді қоспағанда), жер қойнауын пайдаланушы ұйымдар және жарғылық капиталында мемлекет қатысуы бар ұйымдар, сондай-ақ, шаруашылық жүргізу құқығына негізделген, мемлекеттік кәсіпорындар кіретін жария мүдделі ұйымдар үшін қаржылық есептілік депозитарийін жүргізу бойынша уәкілетті органның мәліметтері бойынша, Шығыс Қазақстан облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 239-бабы бойынша 2021 жылға жылдық қаржылық есептілікті депозитарийге заңнамада белгіленген мерзімде ұсынбағаны үшін, сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 250 бабы бойынша міндетті аудит жүргізуден жалтарғаны үшін жария мүдделі ұйымдардың әкімшілік жауапкершілігін қарады.
Осылайша, 2021 жылға қаржылық есептілікті ұсынбағаны және уақтылы ұсынбағаны үшін Департаментпен жалпы сомасы 10 414,2 мың теңгеге 24 жария мүдделі ұйымдар, сондай-ақ, міндетті аудит жүргізуден жалтарған немесе оны жүргізуге кедергі келтірген 8 ұйым жалпы сомасы 865 298 мың теңге әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
2021 жылдың қорытындысы бойынша жария мүдделі ұйымдардың қаржылық есептілікті ұсынбауына немесе уақтылы ұсынбауына, басқару органының бекіту туралы бұйрықтарының және аудиторлық есептердің жоқтығына байланысты кейбір ұйымдардың қаржылық есептілігін «Ақпараттық-есептік орталық» акционерлік қоғамның қабылдамауы себеп болды.
Жоғарыда айтылғандарға байланысты, Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылықтардың алдын алу мақсатында, қоғамдық жария мүдделі ұйымдардың барлық басшыларына қызметкерлердің қаржылық және құқықтық сауаттылығын арттыру, қаржылық есептілікті уақтылы тексеру бойынша шаралар қабылдау және оларды басқару органымен бекіту ұсынылады.