Мектепке дейінгі білім беруді жан басына қаржыландыруға бөлінген бюджет қаражаты қалай жұмсалады

Мектепке дейінгі білім беруді жан басына қаржыландыруға бөлінген  бюджет қаражаты қалай жұмсалады

Білім беру ресурстарын бөлудің ең қолайлы әдісі жан басына шаққандағы қаржыландыру екенін бүкіл әлем мойындады. Осылайша, алдыңғы жоспарға мектеп емес, оның оқушылары, олардың мүдделері мен сапалы білім алу құқықтары алынған.

Алайда мектепке дейінгі білім беруді жан басына қаржыландыруға бөлінген қаражат қалай жұмсалады? Өз кезегінде, осы мәселе Астана қаласы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментімен Астана қаласының Білім басқармасы мен мектепке дейінгі ұйымдарында жүргізілген аудит қорытындысы бойынша анықталды. Тексеру нәтижелері бойынша жалпы сомасы 1 282 194,6 мың теңгеге қаржылық бұзушылықтар, 780 505,3 мың теңгеге рәсімдік сипаттағы бұзушылықтар анықталды.

 Аудитпен бюджет қаражатын жоспарлау кезінде бұзушылықтар, атап айтқанда, бөлінген бюджет қаражатының арттырылғаны анықталды, бюджеттік өтінімдегі ақпарат пен есептердің толықтығы мен дұрыстығы қамтамасыз етілмеген.  

  Жергілікті атқарушы орган 2020 жылға арналған мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға мемлекеттік білім беру тапсырысын, ата-ана төлемақысының мөлшерін бекітпеген. Сондай-ақ, Білім басқармасымен  2019-2021 жылдарға мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру үшін мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту бойынша қызмет көрсетушілердің тізбесі бекітілмеген.

   Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастырудың конкурстық рәсімдерін өткізу кезінде конкурсқа қатысуға негізсіз рұқсат беру фактілері анықталды.

   Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың іс жүзінде көрсетілмеген қызметтерін қаржыландыру, бір тәрбиеленушіге айына шығыстардың құнын арттыру, сондай-ақ жеке меншік мектепке дейінгі ұйымдарды артық қаржыландыру фактілері орын алды.

Атап айтқанда, Білім басқармасы жеке меншік мектепке дейінгі ұйымдармен көрсетілмеген, мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту қызметтерін 127 582,9 мың теңге сомасына қаржыландырды, бұл сома республикалық бюджетке қайтарылуы тиіс.

   Сондай-ақ, Білім басқармасы бір тәрбиеленушіге бір айдағы  шығындар құнын көтеріп, соның салдарынан жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдарды негізсіз қаржыландыруға алып келді. Бұған қоса, тиісті жобалық қуаты жоқ жеке мектепке дейінгі ұйымдарда білім беру тапсырысын заңсыз орналастырып, бұл шамадан тыс қаржыландыруға әкеп соққан.

   Мектепке дейінгі ұйымдарда үстеме тексеру нәтижелері бойынша жалпы сомасы 1 043 423,0 мың теңгеге қаржылық бұзушылықтар және 199 754,2 мың теңге сомасында рәсімдік сипаттағы бұзушылықтар анықталды.

Жіберілген бұзушылықтар үшін мектепке дейінгі ұйымдардың лауазымды тұлғалары әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Аудит нәтижелері бойынша Білім басқармасының атына анықталған бұзушылықтарды жоюға және оларға жол берген тұлғалардың жауапкершілігін қарау туралы нұсқама жолданды.