
Өткен жылы еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Заңға қол қойған болатын. Осы Заңмен сатып алудың жаңа тәсілдерінің бірін енгізу қарастырылды. Атап айтқанда, рейтингтік-балдық жүйе пайдаланылатын конкурс немесе рейтингтік-балдық жүйе тәсілімен мемлекеттік сатып алулар конкурстық комиссиясыз жүзеге асырылатын болады және автоматты жүргізіледі.
2022 жылғы 1 шілдеде қолданысқа енгізілген, Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің «Мемлекеттік сатып алу рейтингтік-балдық жүйені пайдалана отырып, конкурс тәсілімен жүзеге асырылатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің тізбесін бекіту туралы» бұйрығына сәйкес, осы тізбеге бірінші кезеңде 2 позиция: құрылыс-монтаждау жұмыстары және жобалау бойынша жұмыстар енгізілген.
Демек, ұйымдастырушылар құрылыс-монтаждау жұмыстары мен жобалау бойынша жұмыстарды сатып алу кезінде ашық конкурсты немесе рейтингтік-балдық жүйені пайдаланатын конкурсты таңдауға құқылы.
Ал веб-порталға келетін болсақ, онда конкурстық баға ұсыныстарын және конкурстық баға ұсынысына әсер ететін критерийлер автоматты түрде салыстырылады және жеңімпаз айқындалады.
Сондай-ақ, рейтингтік-балдық жүйені пайдалана отырып жүргізілген конкурс қорытындылары Заң тәртібімен шағымдануға жатпайды.
Осы тұста, тапсырыс берушілер мен ұйымдастырушылар арасында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, әлеуетті өнім берушілер арасында адал бәсекелестіктің болуы, сөз байласуға жол бермеу мақсатында, сонымен қатар мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыруға жұмсалатын уақытты үнемдеу мақсатында, құрылыс-монтаждау жұмыстары, жобалау бойынша жұмыстарды мемлекеттік сатып алу кезінде рейтингтік-балдық жүйені пайдаланудың тиімді екенін атап өтеміз.
Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті